Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

Ерден Оралбай: Әлкей Марғұлан археология мен этнографияны ұштастыра білген ғалым

2020 жылдың 17 мамыр 2020 09:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл мамыр айында қазақ археологиясының атасы – Әлкей Марғұланның туғанына 116 жыл толды. Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институттың ғылыми қызметкері Ерден Оралбай ҚазАқпарат тілшісіне археолог, тарихшының өмір жолы, ғылымға қосқан үлесі туралы әңгімелеп берді.

- Сұхбатымызды Әлкей Марғұланның ата-анасынан бастасақ. Әлкей Марғұланның ғылым жолына түсуінде олардың рөлі қандай болды ?

- Әлкей Хақанұлы – атақты Олжабай батырдың тікелей ұрпағы. Олжабай батыр Орта жүздің Арғын тайпасы, Сүйіндік руынан шыққан. Әкесі Толыбай – Тәуке ханның билерінің бірі, анасы - Есенбике, Төле бидің туысқаны Қаратайдың қызы еді. Әлкей атамыз өз естеліктерінде Олжабайдың немере інісі Едіге бимен бірге 1762 жылы Екатерина ІІ-ге хат жазғанын атап көрсеткен. Хатта патшайымнан Ертістің шығыс жағындағы қалың орманнан жайылымдық жер сұрағаны айтылады. Олжабайдың өз қолымен жазып қалдырған қара кітабы болған. Онда соғыс жайлы әңгімеленіп, Абылай, Қазыбек би, Бөгенбай есімдері жиі аталады. Батырдың туы 1937 жылға дейін сақталған. Әйгілі ғалым Әлкей Марғұлан Олжабай батырдың шөпшегі болса, ақын Олжас Сүлейменов - жетінші ұрпағы. Осы тектілік те Әлкей Марғұланның ғылым жолына түсуіне әсер етті.

Әлкейдің әкесі Хақан мен шешесі Нұрила көптеген халық ертегілері мен аңыздарын білген екен. Үйде халық әндері мен Абай әуендері жиі шырқалатын болған. Әлкей бес жасында оқып, жаза білуді үйренсе, бала кезінде «Қобыланды», «Алпамыс», «Көрұғлы», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» дастандарын жатқа білген. Хақанның шаңырағында белгілі ақын, ғалым Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Жаяу Мұса, Имантай Сәтбаев және қазақ даласына белгілі басқа да адамдар жиі бас қосқан. Құймақұлақ Әлкей атамызға осы кісілерден естіген әңгімелері ғылым жолына келуіне әсер еткені анық.

Әкесі мен анасы баласының оқуына, рухани дамуына жәрдемдескен. 1920 жылы Ленинградқа барып оқу оңай емес еді. Этнограф ғалым Уахит Шалекенов «Әлкей Марғұланның ғылымға деген құлшынысы оның тегінде бар» деп айтқан. Оның сөзінің жаны бар.

- 1930 жылдан бастап Әлкей Марғұлан тарихшы, қазақ зиялысы ретінде қуғынға ұшыраған. Осы туралы тоқталып өтсек...

- Тұрсын Жұртбай ағамыздың айтуынша, 1930 жылдан бастап Әлкей Марғұлан тарихшы, қазақ интеллигенциясының өкілі ретінде қуғынға түскен. Алаш қайраткерлері ұсталғаннан кейін, жас алашшылдар бақылауға алына бастады. Міне, олардың қатарында Әлкей Марғұлан да болды. Қауіпсіздік комитетінің архивінде Әлкей Марғұлан «Мағжаншыл ғалым» ретінде тіркелді, себебі қазақтың ақыны Мағжан Жұмабаев Ақ теңіздің жағалауындағы түрмеде жатқан кезде оған Әлкей Марғұлан барып, қаржылай көмектесіп тұрған. «Қауіпсіздік қызметкерлері өз есебінде «Оның жырына табынатын студент Әлкей Марғұлан келіп кетті. Оны іздестірейік», деп жазды» дейді ғалым.

Оның үстіне 1926-27 жылдары Александр Ферсман мен профессор Сергей Руденконың археологиялық жұмыстарына қатысу барысында Әлкей Марғұлан Әлихан Бөкейханов атамызбен де тығыз байланыста болғаны туралы да дерек бар. Осыған қарап Әлкей атамыздың жалпы Алаш қайраткерлерімен рухани-мәдени байланысы өте жақсы болды деп топшылай аламыз. Сондықтан Әлкей атамыз тарихшы, қазақ зиялысы ретінде қуғынға ұшыраған.

- Ол не себепті қазақтың көне тарихын – археологияны таңдады деп ойлайсыз ?

- Әлкей Марғұланның білім алу жолына үңілсек, 1915 жылы Баянауылда үш сыныпты орыс мектебінде оқыды. 1919 жылы Павлодар қаласындағы мұғалімдер курсын тәмамдады. 1921 жылы Семей техникумына оқуға түседі де, Семейде Мұхтар Омарханұлымен танысады. Осы кісінің кеңесімен 1925-31 жылдар аралығында Ленинградта Шығыстану институтының әдебиет факультетіне түсіп, бір уақытта Ленинград университеті және өнер тарихы институтының дәрістерін тыңдайды.

Енді қараңыз: өзі педагог, өзі шығыстанушы, кішкентай кезінен шежіре, жыр-аңыздарға қанып өскен фольклорист Әлкей атамызға осы ауыз әдебиеті үлгілеріндегі ғажайып тұлғалармен кездесу ғана арман болды деп ойлаймын. Өз арманын іске асыру үшін 1926-27 жылдары Александр Ферсман мен профессор Сергей Руденконың археологиялық жұмыстарына қатысты. Ал археологиялық зерттеулердің кейбір бұра тартушылықтары, еуроцентристік көзқарастар Әлкей атамызға қазақ халқының көне тарихына деген қызығушылығын одан әрі арттырып, біржолата археологияға келуіне әсер етті.

- Академик Қаныш Сәтбаев қазақ архитектурасы мен археологиясының тарихын зерттеу туралы кеңес берген екен. Демек, осы салада болуына ол ерекше ықпал еткен ғой ?

- Бұл туралы Тұрсын Жұртбай ағамыз сұхбаттарының бірінде айтқан. Иә, жалпы Қаныш атамыздың Әлкей Марғұланға өмірде бағыт-бағдар, ақыл кеңес бергені рас. Ал Әлкей атамыздың археологияға келуі іште жатқан бұлқыныс, шер болуы керек. Жас кезінен ақсақалдардың айтқан әңгімелеріндегі және «аңыздардағы тұлғалардың бәрі андрондықтар немесе кейінгі көшпелілер кезінде мәдениеттен жұрдай варварлар» деген пікірлерді естігеннен кейін археологияға келді деп есептеймін. Оның үстіне «археология – қазақтардың наным-сеніміне қарсы ғылым» деген пікір де болды. Яғни, әруақты мазалау дегендей кереғар пікірлер болды. Ал ол сол сенімді еуропікірлі ғалымдар өзімізге қарсы пайдаланғанын көріп, қазақтың көне тарихын әлемге паш ету үшін археологияға келген.

- Оның ғылымға қосқан басты үш үлесі туралы айта аласыз ба ?

- Бірінші, «Қазақ халқының эпикалық жырлары» атты докторлық қорғауы. Екінші, Қазақ археология ғылымының негізін салуы және орасан зор еңбектер қалдыруы, Отандық археология ғылымында «Беғазы-Дәндібай» сияқты үлкен мәдениеттің болғанын дәлелдеуі. Үшінші, «Манас» жырын толық зерттеуі және ауыз әдебиетінің озық үлгілерін жинақтауы.

- Әлкей Марғұлан өте қарапайым адам болған деседі, осы туралы бір-екі мысал айта аласыз ба ?

- Оның замандасы емеспін ғой, дегенмен Әлкей атамыздың қызы Дәнел апамыздың мына бір естеліктері ол кісі жайлы жақсы мағлұмат береді: «Әкем үнемі экспедицияларда жүретін. Қалаға оралған сәтінде қағаз бен қалам серігі болды. Тіптен, қонаққа, театрға барып сергіген кездерін көрген емеспін. Демалысының мәні кешкілік өзен жағалай серуендеп келіп, бізбен бір мезгіл шүйіркелесу еді. Жұмыстан қатты қалжыраған сәтінде қолына домбырасын алып, күй тартып, «Екі жирен», «Жиырма бес», «Сырымбет» сияқты әйгілі әндерді әуелеткенде көз алдыңда ұлан-ғайыр қазақ даласы мен көне қалалар сағымдай мұнартқандай болатын. Көшпенділер әлемі, аңыздар атырабы жанына жақын болғаны соншалық, ғасырлар қойнауының құпияларын ашуда алдына жан салмады».

- Өзіңіз атап өткендей, ол 1926-1927 жылдары КСРО ғылым академиясының академигі Александр Ферсман мен профессор Сергей Руденконың басшылығымен ұйымдастырылған Қазақстан және Алтай археология және этнография жұмысына қатысқан. Сол кезде Әлихан Бөкейханмен танысуы оның өмір жолына қандай өзгеріс алып келген?

- Ол 1926-1927 жылдары алғаш археологиялық экспедицияларға араласып, жоғарыдағы қазақи идеологияға жат пікірлерді көрген Әлкей атамызға алаш археологиясын Әлихан Бөкейхан атамыз аманаттауы да мүмкін. 20-жылдардың екінші жартысында Әлкей Марғұлан Әлихан Бөкейхановтың Мәскеудегі пәтеріне жиі қонаққа барып тұрғанын Сұлтанхан Аққұлұлы жазады. Алаш идеясындағы ұлы мұраттардың бірегейі осы өлкенің әлімсақтан келе жатқан хақ иесі екенімізді, ешқандай да бұратана халық емес екенімізді дәлелдеуді Әлихан атамыздың әңгімелерінен аңғаруы да мүмкін.

- Әлкей Марғұланның археологиялық бастамалары қазір жалғасып жатыр ма, ?

- Қазақ археологиясының негізін салған Әлкей атамыз тастағы жазуларды да зерттеді, көне мәдениеттерді ашты, көне металлургия индустриясының пайда болғанын дәлелдеді. Қазірге дейін біз және әріптестеріміз жолға қоя алмай келе жатқан археология мен этнографияны, көне аңыз-әфсаналарды ұштастыра білді. Ал нақты нысандарға келсек, Орталық Қазақстанда Ақсу-Аюлы, Беғазы-Дәндібай, Қызыларай, Қарқаралы, Талдысай, Батыс Қазақстанда Сарайшық және тағы да басқа жерлерде қазбалар жалғасуда. Кейбір нысандар музейлендіріліп ел игілігіне ұсынылуда. Оның басы-қасында З. Самашев, А.Бейсенов, А. Қасенәлі секілді ғалымдар жүр.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!


Жоғары қарай