Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ерқанат Тұрымтай қазақтың көне жәдігерлерін бүгінге дейін сақтап келеді

2021 жылдың 23 қазан 2021 17:31

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Ерқанат Тұрымтай көненің көзіндей болған ұлттық жәдігерлерімізді сақтап келеді. Әкесінен мирас болып қалған жәдігерлерге ерекше ықыласпен қарайтын азамат Өскемен қаласында тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен тарих бен бүгінгі күнді байланыстырып отырған кейіпкеріміз ағаш діңдерінен ойылып жасалған ыдыстар мен көне кітаптардың сапасы жоғалмай сақталуы үшін барын салып келе жатыр. Ыдыстардың қатарында астау, келі, бие сауатын шелек сақталса, ат-әбзелдерінің ішінен күміс жүген, үзеңгі осы күнге жетіп отыр.

«Ертеректе әкемнің қолында қанжар, пышақ пен күміс қылыш болған. Алайда олар суық қару болып саналғандықтан музейге тапсырылды. Абылай заманындағы хас батыр Ер Жәнібектің қымыз ішетін тостағаны да осы біздің қара шаңырағымызда сақталып, кейіннен елордадағы музейлердің біріне өткізілген», – дейді Ерқанат Тұрымтай.

Халқымыздың салт-дәстүрін ерекше бағалайтын ол үйінің бір қабырғасын ұлттық нақыштағы заттармен безендірген. Ежелгі бұйымдардың әрқайсысы да ерекше назар аудартады.

«Қазақтың әр үйінде қолданылған тұрмыстық заттар мен ат әбзелдерін әкем маған мирас етіп қалдырған. Мен үшін ата-бабаларымыз қолымен ұстап тұтынған заттар өте бағалы, ерекше ыстық. Алдағы мұратым – осы қолөнерлердің бастапқы қалпын жоғалтпай, бүлінбей сақталуын қамтамасыз ету. Сондай-ақ бес жүз жылдан астам тарихы бар ұлтымыздың тамыры тереңде екенін жас буынға тағы бір дәлелдеу», - дейді өскемендік азамат.




Әдеби мұралардың ішінен ойып тұрып орын алатын кітаптар көне Осман тілінде және төте жазумен жазылған. Сол түпнұсқадағы кітаптарды оқу үшін кейіпкеріміз арнайы төте жазуды да үйренген. Ол аталған әдебиеттерді оқу барысында ондағы мәліметтер бүгінгі таңдағы кітаптар қорында кездеспейтініне көз жеткізді. Бір өкініштісі, сөредегі кітаптардың парақтары сарғайып, көмескіленіп барады.


Жоғары қарай