Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 432.55
EUR 470.83
RUB 5.84
CNY 61.31

Еркін күрестен бас жаттықтырушы Әсет Серікбаев: Бапкердің арманы - Олимпиадаға толық құраммен бару

2020 жылдың 25 ақпан 2020 12:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әсет Серікбаев баптайтын еркін күрес шеберлері Нью-Делиде (Үндістан) өткен күрес түрлерінен Азия чемпионатынан екі алтын, төрт қола медальмен елге оралды.

Бас бапкер жарыстан елге оралған бетте ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап беріп, «Сарықұрлық» біріншілігі жайында шағын сұхбат берді.

- Кеше ғана Үндістан астанасы Нью-Делиде өткен күрес түрлерінен Азия біріншілігінен екі алтын, төрт қола жүлдемен оралдыңыздар. Жалпы шәкірттеріңіздің жетістігіне көңіліңіз толды ма?

- Әрине, көңілім толады. 2 алтын, 4 қола медаль - жаман көрсеткіш емес. Жалпы, балуандарымыз үмітті ақтай білді. Жоғары деңгейде өнер көрсетті. Біздің құрама 2018 жылы да, 2019 жылы да 2 алтын алған болатын. Міне, биыл да сол биіктен көріне білдік.

- Жарысқа аттанбас бұрын қанша медаль алуды жоспарлап едіңіздер?





- Бапкер ретінде құрлық біріншілігінен бір алтын медаль алсақ та жаман болмас деп жоспарлағанмын. Өздеріңіз көргендей, бір емес, екаі алтынға қол жеткіздік. Жоспарымыз артығымен орындалды.

- Олимпиада алдындағы «Сарықұрлық» додасы жалпы несімен есте қалды?

- Мен үшін бұл дода өзім баптайтын балуандар арасынан ел қоржынына екінші алтынды салған 125 келі салмақтағы балуанымыз Юсуп Батырмурзаевтың жетістігімен есте қалды. Батырмурзаев жас бола тұра, «Сарықұрлықтағы» сақа балуандардың барлығын жолдан тайдырып, күтпеген жерден Азия чемпионы атанды. Болашағынан үміт күттіретін балуан екенін көрсете білді.

- Жалпы өзіңіз ішкі есебіңізде кімдерден медаль күткен едіңіз?





- Біз бәрі де жүлдемен оралса екен деп тілейміз. Жалпы барған балуандарымыздың барлығы қарсыластарын жығуға бар күштерін салды. Өз басым 57 келі салмақта ел намысын қорғаған Нұрислам Санаев пен 86 келіде сынға түскен балуанымыз Азамат Дәулетбековтен медаль күткенім рас. Екеуі де жүлделі орынға сынық сүйем жерден, нақтырақ айтсақ, қола медаль үшін белдесуде қарсыластарына жол беріп қойды.

- Өткен жылдың күзінде елордамызда лицензиялық әлем чемпионаты өткені есімізде. Сол әлемдік біріншілікте сіз баптайтын балуандар үш медаль мен қоса Токио Олимпиадасына төрт жолдама ұтып алды. Демек, әзірге еркін күрес шеберлерінде төрт жолдама бар. Толық құрамда баруға енді қанша жолдама жетіспей тұр?





- Әр бапкердің арманы - Олимпиада ойындарына толық құраммен бару. Өзіңіз атап өткендей, қазір төрт жолдамамыз бар. Енді, бізге екі салмақтан екі жолдама жетіспей тұр. Алда Олимпиада жолдамалары сарапқа салынатын екі үлкен жарыс бар. Сол екі додада жетпей тұрған екі жолдаманы жеңіп алсақ, толық құраммен Олимпиадаға аттанамыз.

- Елордада өткен лицензиялық әлем чемпионатында өз салмактарында Олимпиадаға жолдама жеңіп алған балуандардың есімдерін сол кезде атап өткен едік. Төртжылдық додаға міндетті түрде сол балуандардың өздері бара ма, әлде баратын балуандарды бапкерлер кеңесі шеше ме?

- Бұл сұраққа жауап беру әлі ертерек. Өз басым алдын-ала тон пішкенді аса ұната бермеймін. Олимпиада ойындарына дейін әлі бес айдан астам уақыт бар. Оған дейін бізде көптеген жарыстар, жаттығулар болады. Осы жарыста кейбір балуандар жарақат алып қалып жатады. Ондай сәттерде бірнің орнына бірі кететін жағдайлар болады. Сондықтан, Олимпиадаға нақты кімдердің баратыны туралы айту ертерек.

- Алдағы жоспарларыңыз туралы қысқаша айтып кетсеңіз...

- Дәл қазіргі жоспарымыз, жоғарыда атап өткенімдей, Олимпиадаға жолдама беретін азиялық және әлемдік екі турнирге жақсы дайындалып, Олимпиадаға толық құраммен бару. Ары қарай Олимпиадада медаль алу.

- Әңгімеңізге көп рахмет! Мақсат-тілектеріңіз орындала берсін...


Автор Күнсұлтан Отарбай
Басты сөздер: Спорт, Олимпиада-2020,
Жоғары қарай