Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ерсұлтан Бектұрғанов: Теңдесі жоқ жетістік

2021 жылдың 9 желтоқсан 2021 11:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бүгінгі «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы кімді болса да бей-жай қалдырмайтыны, толғандыратыны, ойына ой қосатыны сөзсіз. Өйткені осы бір мақалада бүкіл қазақтың жүздеген жылдық тарихы қамтылып, ата-бабаларымыз аңсап, армандап өткен Тәуелсіздікке қалай жеткеніміз, оның Темірқазығын қалайша берік бекемдегеніміз туралы кеңінен айтылып, көрсетілген. Осындай пікірді Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасының Арнайы жобалар қызметінің жетекшісі Ерсұлтан Бектұрғанов білдірді. ҚазАқпарат сарапшы пікірін сол қалпында ұсынады.

***

Елбасы халқымыз үшін аса қастерлі осы ұғымның мән-мағынасын айта келе: «Ол – ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы жан алысып, жан беріскен сан ғасырлық күресінің заңды жалғасы, халықаралық құжаттармен бекітіліп, мәңгілікке берілген сыйы», – деп тұжырымдаған. Шынында да Тәуелсіздік әлемдегі көптеген ұлттардың асыл арманы, жетейін десе жете алмай жүрген асқақ шыңы. Қазіргі таңда Жер шарында 5 мыңнан астам тілде сөйлейтін халықтар бар, бірақ солардың екі жүзге жуығы ғана өз Тәуелсіздігін алған, Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, астанасы бар егемен мемлекеттер.

Аталған мақалада өткен отыз жыл ішінде тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолында атқарылған қыруар істер, оның ішінде кездескен қиындықтардың қалайша еңсерілгені және жеткен ұлан-ғайыр жетістіктер байыппен баяндалған.

Осы кезеңде біршама уақыт Президент Әкімшілігінің кадр саясаты құрылымында қызмет атқарғандықтан осы саладағы талай өзгерістер мен жаңалықтарға куә болдым. Елбасының басшылығымен қолға алынған алғашқы іргелі реформалардың ішінде кадр саясатында жүргізілген түбегейлі өзгерістер мемлекеттік қызметті мүлдем жаңа, жоғары деңгейге көтерді деп толық айта аламыз. ТМД мемлекеттерінің ішінде тұңғыш болып, әлемдік озық тәжірибелерді сараптап, еліміздің ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген «Мемлекеттік қызмет туралы» бірінші заң 1995 жылы қабылданды. Кейіннен бұл салада еліміздегі қоғамдық, әлеуметтік, экономикалық өзгерістер мен стратегиялық құжаттардың талабына сай келетін екі жаңа заң қабылданып, оларға бірнеше рет өзгерістер енгізілді.

1993 жылы Президенттің әлемде теңдесі жоқ «Болашақ» халықаралық бағдарламасы қабылданып, осы жоба аясында он бес мыңнан астам жас түлектеріміз шет елдердің озық оқу орындарында білім алып, ел экономикасына аса қажетті мамандықтарды меңгеріп шықты, олар бүгінгі күні еліміздің мемлекеттік құрылымдарында ғана емес, экономиканың барлық салаларында қажырлы еңбек етуде.

Елбасы қай бағытта болмасын жаңа стратегиялық жобаларды, бағдарламаларды бастағанда әрдайым биік мақсат пен биік талапты алға қояды. Соның ішінде мемлекетіміздің астанасын Алматыдан Сарыарқа төріндегі Ақмола қаласына көшіру жөніндегі батыл шешімі, сол ұлы көштің куәсі ретінде, мені әлі күнге дейін таң қалдырып келеді. Өйткені, біріншіден, жылдар бойы қалыптасып, тұрақтанған, отырықшы кадрларды жаңа қонысқа көшіріп әкеліп, орналастыру, екіншіден, қысқартылып, ықшамдалған мемлекеттік органдардың аппаратына жаңа елордада қызметкерлер даярлау, оларды қызметке тағайындау мәселесі үлкен ыждағаттылық пен көрегендікті талап ететін ауқымды жұмыс. Сол кезде Үкіметтің орталық органдарды көшіру жөнінде дайындаған бұрын қабылдаған шешімін өзгертіп, Астанаға бүкіл Қазақстанның барша өңірінен кадрлар шақыруды бұйырып, олардың барлығына бірдей жағдай жасауға тапсырма беріп, оны өзінің жеке бақылауында ұстады. Жалпы, Тұңғыш Президентіміз тағайындаған, өсірген саяси мемлекеттік тұлғалардың, дипломаттардың, ол жүргізген сарабдал кадр саясатының арқасында мемлекеттік қызметте болып, еңбек еткен азаматтардың еліміздің әлеуметтік, экономикалық дамуына, мемлекетіміздің халықаралық беделінің өсіруіне, тәуелсіздігімізді нығайтуға қосқан үлесі ерекше десек, артық айтқан болмас едік.

Бұған айрықша айғақ ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз мақаласында: «Отыз жылға жуық ел басқарған кезімде мен жаныма қаншама азаматты серік етіп, көптеген шәкірт тәрбиеледім. Солардың ішінде Үкімет басқарған, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары ретінде жаһандық саясатқа жетіктігін танытқан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қасымнан табылған нағыз патриот, жоғары білікті кәсіпқой тұлға Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Президенттік қызметке ұсындым» деген сөзін мысал ретінде келтіруге болады.

Елбасымыз Тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап барлық уақытта атқарылып келе жатқан игі істердің, жаңалықтардың, жасалып жатқан жақсылықтардың бәрі өскелең ұрпақ үшін, жастар үшін деп айтып жүреді.

Шынында да осы отыз жыл ішінде дүниеге келген жастардың өзі бүгінгі таңда саяси қызметтерде, басқару жүйелерінде, мәслихаттарда, қоғамдық ұйымдар мен экономиканың барлық салаларында белсенді еңбек етіп, еліміздің дамуына лайықты үлестерін қосуда.

Осындай тұғыры берік Тәуелсіздігіміздің көк туы қашанда биікте желбіреп, тату-тәтті өмір сүріп отырған, бірлігі жарасқан халқымыздың болашағы әрдайым жарқын бола беретініне кәміл сенеміз!

Еліміз – тыныш, жұртымыз – аман, егемендігіміз баянды болғай!


Жоғары қарай