Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік бюджет кірістері бойынша есеп берді

2021 жылдың 15 маусым 2021 11:31

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылы мемлекеттік бюджетке 9 трлн 751 млрд теңге кіріс түсті. Бұл туралы онлайн режимде халық алдында есеп беруі кезінде Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылы мемлекеттік бюджетке 9 трлн 751 млрд теңге кіріс түсті немесе жоспар 102,7 пайызға атқарылды. 2019 жылмен салыстырғанда 62,7 млрд теңгеге өсті, яғни жоспар 100,6 пайызды құрады. Жергілікті бюджеттердің кірістері бойынша жоспар 108 пайызға атқарылды немесе жоспарланған 2 трлн 955 млрд теңгенің орнына 3 трлн 191 млрд теңге түсті», - деді Е. Жамаубаев.

Оның айтуынша, былтыр республикалық бюджетке 6 трлн 561 млрд теңге кіріс түсті немесе жоспар 100,3 пайызға атқарылды. Кірістер бойынша жоспар 22 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар – 16 млрд теңгеге асыра орындалды.

«Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомасы корпоративтік табыс салығына, пайдалы қазбаларды өндіру салығына және шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажына тиесілі болды», - деді министр.

Сонымен қатар ол былтырғы бюджет шығыстарына қатысты тоқталды.

«Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,2 пайызға, республикалық бюджеттің шығыстары 98,3 пайызға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 99,1 пайызға атқарылды. Республикалық бюджет бойынша 14 трлн 234 млрд теңге сомаға шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 241 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 224 млрд теңге Үкімет резерві бойынша үнемделген ақша және өзге де үнемдеу. Игерілмегені - 15,8 млрд теңге. Оның негізгі себептері: өнім берушілердің шарт талаптарын бұзуы, төлем жөніндегі құжаттарды ұзақ келісу, орындалған жұмыстар актілерін ұсынбау және басқа да жағдайларға байланысты», - деді министр.


Жоғары қарай