Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Есеп комитеті ШҚО-да 401,1 млн теңгенің қаржылық бұзушылығын анықтады

2019 жылдың 31 қазан 2019 18:09

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Есеп комитеті Шығыс Қазақстан облысында 401,1 млн теңгенің қаржылық бұзушылығын анықтады. Бұл туралы Есеп комитетінің отырысында аудиторлық топтың жетекшісі Талғат Жақан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы жылдың үшінші тоқсанында Шығыс Қазақстан облысына бөлінген мемлекеттік бюджет қаржысын игеруге қатысты мемлекеттік аудит жүргізілді. Аудит 19 нысанға қатысты жүргізіліп, қамтылған қаржының жалпы сомасы 72 млрд 709 миллион теңгені құрады», - деді Есеп комитетінің мүшесі Талғат Жақан.

Оның сөзіне қарағанда, республикалық бюджет қаражатын пайдалану кезінде жоспарланған шараларды іске асырудың сапасы мен тиімділігіне теріс әсерін тигізетін бірқатар кемшіліктер мен бұзушылықтарға жол берілгені анықталды.

Атап айтқанда, мемлекет тарапынан «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілгеніне қарамастан, инвестордың тарапынан ауысымына қуаты 1 400 бас ұсақ малға арналған қасапхана цехын, 50 000 бас қойға арналған бордақылау алаңын салу және жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша міндеттемелері орындалмаған.

Семей қаласы әуежайының ұшып-қону жолағын, рульдеу жолын және аэровокзалын сомасы 10,7 млрд теңгеге реконструкциялау жер теліміне құқық белгілейтін құжаттарсыз жүзеге асырылған. Бұл өз кезегінде нысанды пайдаланушы ұйымға беру мерзімінің кейінге созылуына алып келді.

Таратылған мәліметке қарағанда, Ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан инвесторлардың қызметіне, жабдықтарды, техниканы мақсатына сай және тиімді пайдалануға, сондай-ақ жобаның толық іске асырылуына мониторинг жүргізу тиісті деңгейде атқарылмағандығы белгілі болды. АӨК субъектілерін қолданыстағы субсидиялау тәртібіне сәйкес келмейтін 300 млн теңгеден астам сомаға субсидиялау фактілері анықталды.

Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша Есеп комитеті жалпы сомасы 401,1 млн теңгенің қаржылық бұзушылығын, сомасы 1 млрд 652,5 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылғанын, 17,9 млрд теңгеге мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнама нормаларының сақталмағанын және 158 рәсімдік бұзушылықты анықтады.

Отырыс қорытындысы бойынша Есеп комитеті ШҚО әкімдігіне, Қаржы және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді, оларға ықпал ететін себептерді жою, сондай-ақ заңнаманы бұзуға жол берген лауазымды адамдардың жауапкершілігін қарау жөнінде тапсырма берді.

Жоғары қарай