Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Ешқандай заң адам өмірін қолдан қиюға рұқсат бермеуі тиіс – Бас прокурордың аға көмекшісі

2021 жылдың 30 желтоқсан 2021 14:12

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі Руслан Тоқтағұлов кеше ғана Президент қолған елімізде өлім жазасын алып тастау туралы заңға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

«2005 жылы біздің ел азаматтардың саяси құқығы туралы халықаралық пактіге қол қойды. Аталған пакті адам құқығы саласындағы әлемдегі екінші маңызды құжат. Бірінші ол адам құқығы туралы халықаралық декларация. Азаматтардың саяси құқығы туралы халықаралық пактіге сәйкес ешқандай заң адам өмірін қолдан қиюға рұқсат бермеуі тиіс. Сонымен қатар осы пакт аясында халықаралық қауымдастық өлім жазасынан алып тастау туралы қосымша хаттама әзірледі. Бұл хаттаманы Қазақстан биыл 2 қаңтарда ратификациялады. Содан соң бізге жаңа заң жобасын дайындау міндеті жүктелді. Бас прокуратура заңды әзірледі, Парламент қабылдап, кеше ғана оған Мемлекет басшысы қол қойып бекітті. Заңды қабылдауға тағы бір себеп, біздің ел жыл басында өлім жазасынан алып тастау туралы хаттаманы ратификациялағаннан кейін аталған жаза түрін алып тастауға міндетті болдық», - деді Руслан Тоқтағұлов.

Маманның айтуынша, елімізде өлім жазасын алып тастаудан аса бір өзгеріс болмайды.

«Өйткені, бұған дейін бізде өлімге мораторий болды. Сондықтан аталған саланы үлкен бір өзгеріс күтіп тұр деп айта алмаймын. Есесіне өлім жазасының орнына өмір бойы бас бостандығынан айыру бар. Бұл өте ауыр жаза түрі дер едім. Осы орайда өз басым елімізде өлім жазасын алып тастауды толық қолдаймын. Оның үстіне бұл халықаралық тәжірибе. Әлемнің 150 елі өлім жазасына тыйым салды. БҰҰ-ға мүше елдердің көбісі аталған жаза түрін әлдеқашан алып тастаған», - дейді ол.

Сондай-ақ, бас прокуратура өкілі «лаңкестік әрекет үшін» өлім жазасын қалдыру керек дегенге қатысты пікір білдірді.

«Менің ойым, террорист өмірде өз таңдауын жасаған адам. Оны өлім жазасына кескенмен мәселе түбегейлі шешілмейді. Оның үстіне лаңкестік әрекет дегеніміз ол қантөгіс. Ал қанға қан деген біздің мемлекеттің саяси ұстанымына мүлдем қайшы. Сондықтан келіспеймін», - деді Р. Тоқтағұлов.

Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы өлім жазасын алып тастайтын заңға қол қойды.



Жоғары қарай