Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Еуроодақ Қазақстанның «QazVac» вакцинасын шығарудағы жетістігін жоғары бағалады

2021 жылдың 23 маусым 2021 15:48

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылау үшін ҚР Президентінің Халықаралық ынтымақтастық бойынша Арнайы өкілі Ержан Қазыхан Брюссельге жұмыс сапармен барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның аясында Е. Қазыхан Еуропалық кеңестің, Еуропалық комиссияның, Еуропалық парламенттің, Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің жоғары өкілдерімен, сондай-ақ Еуропалық инвестициялық банк басшылығымен кездесулер өткізді.

Е. Қазыхан Еуропалық кеңестің басшысы Шарль Мишельге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Арнайы жолдауын жеткізді. Тараптар Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді жүзеге асырудың ағымдағы жай-күйі мен алдағы перспективаларын талқылады. Арнайы өкіл Еуроодақпен тиімді және жан-жақты ынтымақтастықты дамыту Қазақстанның сыртқы саясатының стратегиялық басымдығы болып табылатынын атап өтті. Жоғары және аса жоғары деңгейдегі саяси диалогты қолдау туралы келісімге қол жеткізілді. Осы тұрғыда тараптар Мемлекет басшысының Брюссельге сапарын ұйымдастыру мәселесін талқылады.

«Еуропалық серіктестер Қазақстанның коронавирусқа қарсы отандық «QazVac» вакцинасын шығару және қолдану саласындағы жетістігін жоғары бағалады. Еуропалық дәрілік препараттар жөніндегі агенттік мақұлдаған жағдайда, қазақстандық вакцина пандемиямен күресте шетелдік серіктестерді қолдаудың Еуропалық тетігі, «Team Europe» желісі бойынша Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастықтың тағы бір маңызды негізіне айналуы мүмкін», - делінген ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінде.





Кездесулер барысында тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, соның ішінде жаһандық және өңірлік қауіпсіздік, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру мәселелері бойынша пікір алмасты.

Қазақстан мен Еуроодақтың сауда, инвестициялар, жасыл экономика және энергетика мәселелері бойынша ынтымақтастығы Е. Қазыханның Еурокомиссия басшылығымен кездесуінің негізгі тақырыбы болды. Тараптар Еуропалық шикізат альянсы (European Raw Material Alliance) және Еуропалық батарея альянсы (European Battery Alliance) шеңберіндегі әріптестік мәселелерін талқылады.

Е. Қазыхан Еуропалық парламент депутаттарының тобымен, соның ішінде Қазақстан-Еуроодақ достық тобының мүшелерімен және Орталық Азия мен Монғолия бойынша Еуропарламент делегациясымен кездесулер өткізді.

Еуродепутаттар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған саяси реформалардың әлеуетін атап өтті. Парламентшілер Мемлекет басшысының Адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралар жоспары туралы жарлығы жөніндегі мәліметті жылы қабылдады.





Арнайы өкіл Қазақстан кең ауқымды мәселелер тізбегі бойынша, оның ішінде демократияландыру, заң үстемдігі мен адам құқықтарын қамтамасыз ету, азаматтық институттарды дамыту саласында ашық және сындарлы диалогқа әзір екенін атап өтті.

Е. Қазыхан сондай-ақ Еуропалық инвестициялық банк (ЕИБ) басшылығымен келіссөздер жүргізді. Тараптар дағдарыстан кейінгі кезеңде Қазақстан мен ЕИБ арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Шағын және орта бизнес саласындағы ынтымақтастық, ауыл шаруашылығы, цифрлық технологиялар, көлік және «жасыл» жобаларды дамыту, сондай-ақ Қазақстан экономикасын декарбонизациялау және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі жоспарларға ерекше көңіл бөлінді.


Жоғары қарай