Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Еуроодақ тарихында бірінші рет нәсілшілдікпен күрес бойынша үйлестіруші тағайындалды

2021 жылдың 17 мамыр 2021 20:51

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Еуропалық комиссия Микаэла Муаны өзінің тарихтағы бірінші нәсілшілдікпен күрес бойынша үйлестірушісі етіп тағайындады, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Осылайша, Еурокомиссия ЕО-ның нәсілшілдікпен күрес бойынша жоспарында баяндалған міндеттерін орындайды.

Өзінің жаңа қызметінде Үйлестіруші нәсілдік және этностық азшылықпен тығыз қарым-қатынаста болып, олардың алаңдаушылықтарын Комиссияға жеткізіп отырады.

М. Муа нәсілшілдікпен күрес саласындағы саяси шараларды күшейту үшін ЕО-ның мүше елдерімен, Еуропалық парламентпен, азаматтық қоғаммен және ғылыми қауыммен тығыз байланыста жұмыс істейді.

Нәсілшілдікпен күрес бойынша үйлестіруші нәсілшілдікті болдырмау және онымен күресу бойынша саясатты жүзеге асыру үшін Еурокомиссияның басқа қызметтерімен күш біріктіреді.

Теңдік мәселелері бойынша комиссар Хелена Дали «Мен Муа ханымды қуанышпен қарсы аламын. Оның жұмысы нәсілшілдікпен күрес бойынша жоспарды жүзеге асыруда маңызды болмақ. Оның тағайындалуымен Комиссия антинәсілшіл Еуропалық одақты құруға тағы бір маңызды қадам жасайды. Біз ЕО елдерімен, азаматтық қоғаммен және өзге де мүдделі тараптармен тығыз қарым-қатынас жасап, нәсілшілдікпен күрес бойынша күшімізді біріктіруге ниет етіп отырмыз».

Муа ханым халықаралық дамуды меңгеріп, одан кейін өз елі Финляндияда нәсілшілдік және кемсітушілікпен күресетін ҮЕҰ-ларда жетекші қызметтерде болды. Соңғы бірнеше жыл ол Финляндияның Әділет министрлігінде жұмыс істеген. Оның нәсілшілдік пен этностық белгілер бойынша кемсітушілік, сонымен қатар этностық бірдей және әртүрлі қоғамды ілгерілету бойынша мол білімі мен тәжірибесі бар.


Жоғары қарай