Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 376.72
EUR 408.67
RUB 5.76
CNY 53.68

Еуропа лигасы: «Ордабасы» үшін «Млада-Болеслав» оңай қарсылас па

2019 жылдың 25 шілде 2019 18:12

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін UEFA Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңінде Шымкенттің «Ордабасы» клубы Чехияның «Млада-Болеслав» командасымен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ордабасы» аталмыш турнирдің бірінші іріктеу кезеңінде Грузияның «Торпедо» командасын орта жолда қалдырды.

«Млада-Болеслав» командасы 1902 жылы құрылған. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін аталмыш клуб жоғары жетістігімен көзге түсе қойған жоқ. Алдымен Чехославакияның, кейіннен Чехияның төменгі лигаларында сынға түсті. Ал 2004 жылы клубтың жаңа өмірі басталды деуге негіз бар. Сол жылы «Млада-Болеслав» Чехияның жоғары лигасындағы үздіктер қатарына қосылды. Ал 2005/2006 жылғы кезеңде олар алғашқы жетістігіне қол созды. Чехияның жоғары лигасында екінші орын алды. Содан бері екі мәрте қола жүлдегер атанса, екі мәрте кубокты төбесіне көтерді.

«Млада-Болеслав» 2006/2007 және 2007/2008 жылғы кезеңдерде УЕФА кубогы (қазіргі Еуропа лигасы) ойындарында сынға түсті. Ал соңғы рет бұл турнирде 2017-2018 жылғы кезеңде бақ сынады. Алдымен Ирландияның «Шемрок Роверс» командасын (2:0, 3:2) айналып өтсе, одан кейін Албанияның «Скендербеу» клубына (2:1, 1:2, пенальтиден 2:4) жол берді.

Чехияның соңғы біріншілігінде «Млада-Болеслав» жетінші орын алды. Нәтижесінде бас жүлдені сарапқа салатын алғашқы алтылыққа табан тірей алған жоқ. Дегенмен 7-10 орындар үшін сайыста жеңімпаз атанды. Ол Еуропа лигасы ойындарына қатысуға мүмкіндік берді.

Команда құрамында былтырғы құрамнан көптеген өзгеріс бар. Бірқатар футболшылар өзге клубтарға ауысып кетті. Олардың орнын жастар басты. Арасында өзге клубтарға жалға берілген өз түлектері де бар. Атап айтқанда, олардың қатарында Якуб Югас («Славия», Прага), Томаш Гаек («Виктория Пльзень») және Доминик Гашек («Градец Кралове») бар. Сондай-ақ, өзге клубтарға жалға берілген Петр Мареш («Теплице»), Доминик Машек («Злин»), Даниэл Новак («Варнсдорф») команда қатарына қайта қосылды.

2018 жылдың ақпан айынан бастап командаға 48 жастағы Йозеф Вебер бас бапкер қызметіне келді. Дегенмен әзірге оның қол жеткізген табысы ауыз толтырып айтарлықтай емес.

«Млада-Болеслав» командасы Чехияның үздік клубтарының қатарында саналмайды. Дегенмен олардың ешбір қарсыласына оңайлықпен беріле қоймайтыны тағы бар. Сондықтан алдағы кездесу «Ордабасы» командасы үшін оңайға соға қоймайтыны анық.

«Млада-Болеслав» өзімен аттас қаланың намысын қорғайды. Аталмыш қала ел астанасы - Прага қаласынан 50 шақырымдай жерде орналасқан. Онда 43 мыңнан астам адам тұрады. Аталмыш клуб қалалық стадионда өз қарсыластарын қабылдайды. Оған 5 мыңнан астам жанкүйер сияды.

«Млада-Болеслав» және «Ордабасы» командалары арасындағы кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 23.00-де басталады.

Естеріңізге сала кетелік, 24 шілдеде «Астана» UEFA Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңінде Андорраның «Санта-Колома» командасымен тең түсті.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай

Warning: file_put_contents(): Only 0 of 15740 bytes written, possibly out of free disk space in /home/admin/web/lenta.inform.kz/public_html/system/classes/Kohana/Core.php on line 920