Ауа райы
Астана 24 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Фермерлердің наразылығын көрсеткен БАҚ мәселенің шешілгенін айтпады – Абаев

2019 жылдың 5 желтоқсан 2019 22:48

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев фермерлер мәселесінің қалай шешілгенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әзірге бұл мәселе шешілді, мемлекет фермерлер алдындағы барлық міндеттемелерін орындайды. Жақында Үкімет шаруаларға шамамен 50 млрд теңге субсидия төлеуді бірауыздан мақұлдады. БАҚ өкілдерінің бұл ақпаратты байқамағаны қызық. Себебі, мұның артында он мыңдаған отбасы тұр, несиелер жабылады, еңбекақылар төленеді, түптің түбінде дүкен сөрелеріне азық-түлік барады. Олардың бағасы тұрақталады. Яғни, бұл субсидия тұтас Қазақстан халқына әсер етеді. Шаруалар наразылық көрсеткенін бәрі хабарлады. Ал Үкіметтің бұл мәселені шешкенін ешкім байқамады», - деді министр «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Оның айтуынша, 2020 жылдан бастап, шаруаларды субсидиялау тәртібі өзгереді. Бұл өзгертулер фермерлерді қолдауға ғана емес, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жаңғыртуға бағытталған.

«Мәселен, бұрын мал сатып алуға ақша бөлінсе, енді жаңа, анағұрлым бейімделген тұқымдарды өсіруге қолдау көрсетілмек. Егер бұрын элеватор сатып алуға субсидия берілсе, қазір оны жаңғыртуға, жаңаша жабдықтауға мән беріледі. Бұл үлкен журналистік жұмысқа арқау болатын тақырып», - деді Д. Абаев.

Жоғары қарай