Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Футбол: «Ақжайық» Оралда «Таразды» ірі есеппен тізе бүктірді

2021 жылдың 28 маусым 2021 21:05

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпионатының 18-турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Тараз» командасын қабылдап, қарсыласын ірі есеппен ұтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тең нәтижемен аяқталған «Шахтермен» өткен ойынға қарағанда, украиналық маман Владимир Мазяр баптайтын алаң иелерінің құрамында бірқатар өзгеріс болды.

Атап айтқанда, салқын тиіп қалғандықтан, ресейлік жартылай қорғаушы Сослан Такулов пен украиналық шабуылшы Николай Ковталюк бұл жолы матчқа қатыса алған жоқ. Есесіне Орал футболының алты бірдей түлегі алаңға шықты.

Бірінші таймда 30 минутта ресейлік шабуылшы Дмитрий Мичуренков 11 метрлік айып добын дәл орындап, есеп ашты.

Екінші кезеңде 69-минутта ресейлік Евгений Козлов орындаған айып добынан кейін оралдық қорғаушы Мейрам Сапанов баспен дәл соққы жасай білді – 2:0. Екі минуттан кейін сол қапталдан Е.Козловтан пас алған Қазақстан жастар құрамасының шабуылшысы Вячеслав Швырев есепті 3:0-ге жеткізді. Бұл екінші таймда Д.Мичуренковтың орнына шыққан В.Швыревтің биылғы маусымдағы бірінші голы еді.




Бірінші айналымда тараздықтар өз алаңында 1:0 есебімен ұтқан еді. Оралдықтар биылғы маусымда алғаш рет ірі есеппен жеңіске жетіп, артығымен қарымта қайырды.

Бұл турдан кейін 28 ұпай жинаған «Ақжайық» турнир кестесінде қайтадан төртінші орынға көтерілді. «Тараз» 20 ұпаймен тоғызыншы сатыда қалды.

Оралдықтар келесі кездесуін 2 шілде күні Ақтөбеде жергілікті клубпен өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» биылғы маусымда алғаш рет тең ойнағанын жазған болатынбыз.







Суреттер – Айбатыр Нұраш


Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Қоғам, Спорт,
Жоғары қарай