Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Футболдан ел чемпионатында «Тараз» қайта бірінші орынға көтерілді

2022 жылдың 15 мамыр 2022 22:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпионаты 11-турының соңғы ойынында «Тараз» өз алаңында Оралдың «Ақжайығын» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тараздықтар көш бастаушы командалардың бірі болса, бұған дейінгі үш матчта 1 ғана ұпай алған оралдықтар 11-сатыда еді.

«Ақжайықты» жаттықтыратын украиналық маман Владимир Мазяр құрамға аздаған өзгеріс енгізіп, отандасы, шабуылшы Игорь Карпенко мен армениялық жартылай қорғаушы Завен Бадоянды бірден шығарды.





Бірінші таймда 6-минутта айып соққысынан кейін кері серпілген допты болгариялық Милен Гамаков қонақтар торына дәл түсірді – 1:0. Тез гол соғып алғаннан кейін Нұркен Мазбаевтың шәкірттері қорғанысты көбірек ойлады.

Ойынның екінші кезеңінде «Ақжайық» сапында алаңға шабуылшы Оралхан Өміртаев шыққанымен, ол көп ұзамай-ақ жарақат алып қалды. 94-минутта қонақтардың жаппай алға кеткенін пайдаланған Әлішер Сүлей қақпашы Степан Сикачтан допты асыра салды – 2:0.





Осылайша, 21 ұпай жинаған «Тараз» ел біріншілігінде қайтадан көш бастады.

Бұл турда бүгін көш соңында тұрған «Мақтаарал» өз алаңында екінші орында келе жатқан «Каспийді» қабылдап, күтпеген жерден 2:1 есебімен жеңіп кетті.

Келесі турда 22 мамыр күні «Тараз» Ақтауда «Каспиймен», «Ақжайық» Петропавлда «Қызылжармен» шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан Қазақстан чемпионатында «Каспийдің» қайтадан көш бастағанын жазған болатынбыз.











Фото: Айбатыр Нұраш


Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Қоғам, Спорт, Футбол,
Жоғары қарай