Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Футболдан Еуропа чемпионаты: Дания мен Финляндия тұңғыш ресми кездесуін өткізеді

2021 жылдың 12 маусым 2021 20:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан 2020 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінде Дания және Финляндия құрамалары кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі құрама В тобында сынға түседі. Аталған топта олардан бөлек Ресей мен Бельгия құрамалары бар.

Бұл кездесу елорда уақытымен сағат 21:50-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Қос құрама арасындағы тартыс Дания астанасы Копенгаген қаласындағы «Паркен» стадионында өтеді. Бас төреші - англиялық Энтони Тейлор. Оған отандастары Гари Бесвик пен Адам Нанн көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші - Сандро Шерер.

Айта кетейік, екі құрама бұған дейін бір мәрте кездескен. 2011 жылы өткен жолдастық матчта даниялық футболшылар 2:1 есебімен басым түскен еді.

FIFA-ның жаңартылған рейтингінде Дания құрамасы 10-орында тұрса, Финляндия 54-орынға жайғасқан.

Даниялық футболшылар Еуропа чемпионатында бұған дейін сегіз мәрте бақ сынады. 1984 жылы қола жүлдегер болса, 1992 жылы чемпион атанды.

2020 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінде даниялықтар F тобында бірінші орын алды. Аталған топта екінші орын Шотландия құрамасына бұйырды.

Ал Финляндия құрлықтық доданың финалдық кезеңіне алғаш рет шығып отыр. Бүгін тұсаукесер матчын өткізеді.

2020 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінде Финляндия J тобында екінші орын алды. Алдында Италия құрамасы тұр.

Еске салсақ, бұған дейін құрлықтық додада А тобында екі ойын өткізілді.




Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Қоғам, Спорт,
Жоғары қарай