Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Футболдан Еуропа чемпионаты: Швеция көш басына шықты

2021 жылдың 18 маусым 2021 21:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Еуропа чемпионатының финалдық сатысының топтық кезеңі екінші турында Швеция мен Словакия кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске салсақ, аталған екі құрама Е тобында сынға түседі. Қарсыластары – Испания және Польша.

Алғашқы турда Словакия Польшадан 2:1 есебімен басым түссе, Швеция Испаниямен 1:1 есебімен тең түсті.

Екі құрама бұған дейін алты мәрте кездесті. Оның үшеуінде швециялықтар жеңіске жетсе, үш кездесуде тең есеп тіркелді.

Бүгінгі кездесуде екі құраманың да жеңіске жету мүмкіндігі зор болды. Десе де көп уақытқа дейін есеп өзгеріссіз тұрды.

Ойынның 77-минутында Словакия қақпасына белгіленген пенальтиді Эмиль Форсберг мүлтіксіз орындады. Бұдан кейін қауіпті бірнеше сәт туындады. Соған қарамастан оны ешкім голға айналдыра алған жоқ.

Кездесуде Швеция құрамасы қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті. Екі ойыннан кейін төрт ұпай жинаған олар турнир кестесінде көш басына шықты.

Бұл топтағы екінші турдың тағы бір ойыны Испания мен Польша арасында 19 маусымда болады.

Айта кетейік, енді аталған топтағы үшінші тур ойындары 23 маусымда өткізіледі. Бұл күні Испания мен Словакия, Швеция мен Польша құрамалары шеберлік байқасады.


Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт, Еуропа,
Жоғары қарай