Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Футболдан Қазақстан біріншілігі: «Астана» мен «Қайрат» тең түсті

2021 жылдың 23 мамыр 2021 23:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 13-турының алғашқы ойын күні аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған турдағы басты матч – елордадағы «Астана-Арена» стадионында жергілікті «Астана» және алматылық «Қайрат» арасында өтті.

Елордалық клуб биылғы біріншілікте сәтті ойын көрсетіп, турнир кестесінде көш басында тұр. Ал алматылық команда ала-құла ойынымен жанкүйерлер сенімінен шыға алмай жүр. Қазір «Астана» «Қайраттан» 12 ұпайға ұзап кетті. «Қайрат» биыл чемпиондыққа үміткер ұжымдардың қатарында саналады. Сондықтан бүгін оларға тек қана жеңіс қажет болатын.

Екі команда тартысты ойын өрнегін көрсетті. Десе де, алғашқы кезеңде ойыншылар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.

Екінші кезеңнің 87-минутында елордалық Тигран Барсегян соққан голға алматылық Ғафуржан Сүйімбаев бір доппен жауап қайырды. Кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды.

Сондай-ақ бүгін түркістандық «Тұран» сырт алаңда «Ақтөбемен» жолықты. «Тұран» соңғы турларда жинақы қимылымен көзге түсіп келеді. Команда сапынан Шынболат Мақсымхан - 22, Таңат Нөсербаев 51-минуттарда соққан голдар оларға жеңіс алып келді. Осылайша қарсыласын 2:0 есебімен жеңді.

Бұдан бөлек, бүгін Талдықорғанда «Жетісу» «Қайсардан» 2:0 есебімен басым түсті.

Аталған турда 24 мамырда «Ордабасы» (Шымкент) мен «Тараз», «Қызылжар» (Петропавл) мен «Атырау», «Шахтер» (Қарағанды) мен «Тобыл» (Қостанай), «Ақжайық» (Орал) мен «Каспий» (Ақтау) ойындары өткізіледі.


Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт, Қоғам,
Жоғары қарай