Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Футболдан Қазақстан біріншілігі: «Ордабасы» мен «Тобыл» тең түсті

2021 жылдың 15 мамыр 2021 22:41

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің он бірінші туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкенттің «Ордабасы» клубы өз алаңында Қостанайдың «Тобылымен» шеберлік байқасты. Екі команда турнир кестесінде жылма-жыл үздіктер қатарынан көрініп келеді. Сондықтан бүгін жанкүйерлер олардан тартысты ойын күткені анық.

Кездесу барысында «Тобыл» сапынан Самат Жарынбетов 67-минутта есеп ашқан еді. Оған 87-минутта шымкенттік Еркебұлан Тұңғышбаев таразы басын теңестіріп кетті. Осылайша ойын 1:1 есебімен тең аяқталды.

Ал «Атырау» өз алаңында «Тараз» командасымен кездесті. Кездесу тағдырын 49-минутта алаң иелері сапынан Бруно Алвес соққан жалғыз гол шешті. Осылайша алаң иелері қарсыласын 1:0 есебімен тізе бүктірді.

Естеріңізге сала кетелік, бұған дейін аталған турдың алғашқы ойын күнінде төрт матч өткізілді. «Тұран» сырт алаңда қарағандылық «Шахтерді», одан кейін өз алаңында Оралдың «Ақжайығы» Алматының «Қайратын», елордалық «Астана» Талдықорғанның «Жетісуын» 1:0 есебімен жеңді.

Ал «Ақтөбе» мен «Қайсар» 1:1 есебімен тең түссе, Петропавлдың «Қызылжары» өз алаңында Ақтаудың «Каспийінен» 2:0 есебімен басым түсті.

Енді он екінші тур ойындары 18 және 19 мамыр күндері өткізіледі.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай