Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Футболдан Қазақстан біріншілігі: «Тараз» үздік үштікке көтерілді

2021 жылдың 14 сәуір 2021 22:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 14 cәуірде футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің бесінші туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кезекті тур ойындары 13 және 14 cәуір күндері өткізілді. Алдымен 13 сәуірде өз алаңында Петропавлдың «Қызылжары» «Ақтөбеден», Қарағандының «Шахтері» Оралдың «Ақжайығынан» 1:2 есебімен жеңілді.

Ал бүгін, 14 cәуірде сырт алаңда елордалық «Астана» Шымкенттің «Ордабасы» клубын 4:1 есебімен тас-талқан етіп жеңсе, Алматының «Қайраты» Ақтауда «Каспиймен» 1:1 есебімен тең түсті.

Одан кейін Қостанайда «Тобыл» Қызылорданың «Қайсарын» 1:0 есебімен тізе бүктірді. Кездесу тағдырын шешкен жалғыз голды 2-минутта алаң иелері сапынан Тони Сильва соқты.

Тағы бір кездесуде өз алаңында «Атырау» Талдықорғанның «Жетісуын» қабылдады. Аталған кездесуде талдықорғандық клубтан Бауыржан Тұрысбек 37-минутта гол соқса, ол 68-минутта пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Оған 76-минутта алаң иелерінен Петар Кунич бір голмен жауап қайырса, 92-минутта талдықорғандық Асхат Балтабеков авттогол авторы атанды. Осылайша қос команда 2:2 есебіне қанағат білдіріп тарасты.

Бесінші тур ойындарын Түркістанда өткен жергілікті «Тұран» мен «Тараз» командалары түйіндеді. Бұл ойында тараздық Педро Эуженио 78-минутта гол соғып, кездесу тағдырын шешті. Осылайша «Тараз» 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша бесінші турдан кейін 11 ұпай жинаған «Астана», «Қайрат», «Тараз» және «Тобыл» командалары көш басында тұр.

Алдағы алтыншы тур ойындары 19 сәуірде өткізіледі. Бұл күні «Қайсар» мен «Атырау», «Астана» мен «Қызылжар», «Тұран» мен «Каспий», «Жетісу» мен «Ордабасы», «Тараз» бен «Ақжайық», «Қайрат» пен «Тобыл» командалары кездеседі.


Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай