Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Гандболдан әлем чемпионаты: Қазақстан қыздар құрамасы Нидерландпен кездеседі

2021 жылдың 11 желтоқсан 2021 17:23

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін гандболдан әлем чемпионаты негізгі сатысында Қазақстан қыздар құрамасы Нидерланд командасымен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ойын елорда уақытымен 22:50-де басталып, Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Нидерланды құрамасы бұдан бұрын 2016 жылы Бразилияда өткен Рио Олимпиадасында төртінші орын алды. 2019 жылы әлем чемпионатында алтыннан алқа тақты.

Еске салсақ, Қазақстан құрамасы іріктеу сатысында С тобында сынға түсті.

Қарсыластары - Норвегия, Румыния және Иран құрамалары. Норвегия мен Румынияға есе жіберіп, Иран құрамасын тізе бүктірді.

Осылайша өз тобында үшінші орынмен жарыстың негізгі сатысына жолдама алды.

Енді аталған топтағы үштікке іліккен құрамалар D тобындағы Нидерланд, Швеция және Пуэрто-Рикомен екінші топқа біріктірілді.

Жарыс ережесі бойынша енді әрбірі бұрын кездеспеген қарсыласымен кездесу өткізеді.

Қазақстандық гандболшылар жарыстың негізгі сатысындағы алғашқы кездесуінде Швециядан жеңілді.

Енді Нидерландпен кездесуден кейін 13 желтоқсанда Пуэрто-Рикомен шеберлік байқасады.

Қазақстан құрамасы бұған дейін әлем чемпионатының финалдық сатысында 5 мәрте бақ сынады.

2007 жылы – 18, 2011 жылы – 19, 2009, 2015, 2019 жылдарда 22-орынды қанағат тұтты. Ал Олимпиада ойындарында 2008 жылы 10-орын алды.

Әлем чемпионаты 1-19 желтоқсан аралығында Испанияның Лирия, Кастельон, Гранольерс, Торревьеха қалаларында өткізіледі.

Дүбірлі додада барлығы 32 құрама бақ сынайды.



Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай