Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Гандболдан әлем чемпионаты: Қазақстан қыздары Румынияға есе жіберді

2021 жылдың 6 желтоқсан 2021 00:26

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін гандболдан әлем чемпионатында Қазақстан қыздар құрамасы екінші ойынын Румынияға қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан қыздары С тобында сынға түседі. Қарсыластары – Норвегия, Румыния және Иран құрамалары.

Румыния әлемде үздік көрсеткішімен бағаланады. Әлем чемпионатында 1962 жылы алтын алса, одан кейін екі мәрте күміс, бір рет қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ, 2010 жылы Еуропа чемпионатында қола жүлдеге қол созды.

Бүгінгі кездесуде румыниялық гандболшылар ширақ қимылдай білді. Нәтижесінде бірінші кезең олардың басымдығымен 14:9 есебімен аяқталды.

Екінші кезеңде румындар басымдығын арттыра түсті. Олардың тарапынан көбірек шабуыл ұйымдастырылды.

Кездесуде Қазақстан қыздары қарсыласынан 17:38 есебімен жеңіліп қалды.

Енді Қазақстан қыздары 7 желтоқсанда Иран құрамасымен кездессе, Румыния Норвегиямен шеберлік байқасады.

Еске салсақ, бұдан бұрын ұлттық құрама Норвегияға жол берді.

Әлем чемпионаты 1-19 желтоқсан аралығында Испанияның Лирия, Кастельон, Гранольерс, Торревьеха қалаларында өткізіледі. Дүбірлі додада барлығы 32 құрама бақ сынайды.



Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай