Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ғани Нығыметов: Ауыл әкімдерін сайлау – маңызы зор саяси реформа

2021 жылдың 22 шілде 2021 15:10

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елімізде алғаш өткелі отырған ауыл әкімдерінің сайлауы бойынша пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғани Нығыметов ауыл тұрғындарын 25 шілде күні сайлау учаскелеріне келіп, өз әкімдерін таңдауға шақырды. СҚО-да 70 ауылдық округтің және аудандық маңызы бар бір қаланың әкімі сайланбақ.

«Ауыл әкімдерін сайлау - бұл маңызы зор саяси реформа. Ел тарихында алғаш рет өтейін деп отыр. Бұған дейін ауыл әкімдерін мәслихат депутаттары сайлайтын. Енді ауыл тұрғындары өздері ұнатып, сенім артқан, әкім болуға лайық деген кандидатқа дауысын беріп, таңдау жасайды.

Бұл әрине сайланған әкімнің және оны таңдаған тұрғындардың жауапкершілігін арттырады. Өйткені ауыл әкімінің деңгейі – жергілікті өзін-өзі басқару деңгейімен тікелей байланысты. Бұл қадамға не үшін барып отырмыз? Азаматтардың өз өмірін жақсартуға қатысуы үшін жасалған. Тұрғындар қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалайды. Қайда бағыттауға болатынын өзара шешіп, тиімді жұмсалуын бақылауда ұстайды.

Бұл елімізді одан әрі демократияландыру жолында жасалып отырған маңызды саяси қадам», - дейді СҚО әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов.

Айта кетейік, СҚО-да ауыл әкімдерінің сайлауы 174 сайлауучаскесінде өтеді.

Ауыл тұрғындары 218 кандидаттың ішінен таңдау жасайды.


Жоғары қарай