Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 28 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Гаухар Алдамбергенова: Праймериз білікті азаматтарға мүмкіндік береді

2020 жылдың 11 маусым 2020 21:14

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Nur Otan» партиясы өзінің 21 жылдық тарихында Тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып, үлкен саяси күшке айналды. Мұндай пікірді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гаухар Алдамбергенова білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңашылдықтар мен іргелі істердің ұйытқысы бола білген партия егемендіктің елең-алаң кезінен бергі елдік жұмыстардың барлығына атсалысып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баянды бастамаларына, салиқалы саясатына әрдайым қолдау білдіріп келеді. Саяси ұйымның ширек ғасырға жуық уақыт аралығында атқарған ауқымды істері отандастарымыздың көңіл үдесінен шықты. Бұл пайымымызды көзіқарақты қауым жоққа шығара алмас. Бүгінде елімізде әлеуметтік-экономикалық бағытта көптеген жаңғырулармен қоса, мемлекетіміздің саяси аренасында да оң өзгерістер орын алуда. Бұл тарапта соны тәсілдер мен тың технологиялар қолданысқа енуде. Соның бірі – партияішілік іріктеуді өткізу. Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы аталған бастама турасында: «Бұл партия атынан мәселелерді шешетін ең белсенді және сенімді мүшелерді анықтауға мүмкіндік беретін дұрыс шешім деп санаймын» дей келе, биылғы жылдың 17 тамызы мен 3 қазаны аралығында праймериз өткізу туралы Қаулыға қол қойды. АҚШ, Оңтүстік Корея, Еуропаның бірқатар дамыған мемлекеттерінде қолданысқа енгізілген бұл тәсіл сауатты да жауапты, білімді де білікті, қарым-қабілеті биік, интеллектуалды әлеуеті жоғары азаматтар үшін мүмкіндіктерге жол ашатын мінбер іспетті«, - деді университет басшысы.

Осы ретте ғалым партия қатарында көшбасшылық қасиеті қалыптасқан жандардың көп болуы – оның беделі мен абыройын көтеруге және нақты істің партиясы атануына серпін береді деген ойын жеткізді.

«Праймериздің басты талаптарының бірі – қалыптасқан қасаң қағидалармен ғана шектеліп қалмай, өзін-өзі ұдайы һәм үздіксіз жетілдіріп отыратын саяси, ғылыми және шығармашылық процесс. Бұл өз кезегінде партия мүшелерінің арасында өзара бәсекелестік тудырып, шынайы демократиялық қадамдарға жол ашады. Ал бәсеке «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» үздіктерді анықтауға мүмкіндік береді. Осы орайда айта кету керек, алдағы сайлауда жаңа қабылданған заңға орай, партия тізімінен түсетін үміткерлер құрамының 30 пайызы әйелдер мен жастардан құралу қажеттігі көрсетілді. Бұл – көпшілік қауымның қолдауына ие болды. Себебі халық даналығында айтылғандай ақыл – жастан шығатыны дәлелдеуді қажет етпейді. Қазіргі күнде «Nur Otan» еліміздің жастары үшін көптеген игілікті істер атқарып жатқандығын астын сызып атап өткен ләзім»,- деді ол.

Профессор XXI ғасырда көшбасшылыққа тек жастар белсенді қолдау көрсеткен саяси ұйым ғана ие бола алатындығын баса айтады.

»Бүгінде «Jas Otan» мүшелерінің саны екі жүз мыңға жуықтаған. Бұл әрбір қала, аудан мен ауылдағы, өндіріс және оқу орындарындағы жастардың белсенділігін айғақтайды. Осыдан 19 жыл бұрын кішігірім үйірмеден басталған ұйым бүгінде ауқымды қозғалыс дәрежесіне жетіп, үлкен саяси күшке айналды. Іргелі саяси ұйымның қолға алып жатқан жаңа саяси технологиялары партияның одан әрі жаңғыруына серпіліс берері анық. Сөзімнің соңында алдымызда үлкен мақсаттар, биік белестер бар екендігін айтқым келеді. Олардан алқынбай асу, белестерді бағындыру – біздің өз қолымызда. Мызғымас бірлік пен тынымсыз еңбек, жасампаздық пен жаңашылдық, жауапкершілік бар жерде ғана игі істер жүзеге аспақ», – деді Гаухар Алдамбергенова.


Жоғары қарай