Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Газ баллонын жанармай құю бекетінен заңсыз толтыратындар бар – ТЖМ

2021 жылдың 29 қараша 2021 15:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықтың көпшілігі газ баллондарын жақын маңдағы жанармай құю бекетінен заңсыз толтырады. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Мереке Пішембаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Газды халыққа сататын компаниялар газды қайта сатып қана қоймайды, баллондарды тексеріп, жөндеуді де жүзеге асырады. Әдетте олар бос баллондарды толтырылған баллондарға айырбастайды. Баллонды айналымнан шығару – бұл газ компаниясының тікелей шығыны және бұл компаниялар мерзімі өткен және ақаулы баллондарды айналымнан шығаруға экономикалық тұрғыдан мүдделі емес», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, толтырылған баллондарды техникалық жарамдылыққа тексеру туралы заңнамалық талаптар кәсіпкерлердің ең көп пайда алу ниетіне қайшы келеді.

«Ескі және мерзімі өткен баллондарды пайдаланатын халық қала маңындағы елдімекендерде, ауылдық жерлерде тұрады және негізінен аз қамтамасыз етілгендіктен жағдай күрделене түседі. Қауіпсіздікке алаңдайтын тұтынушылар өте аз. Көпшілігі өздерінің «кеңестік» баллондарын жақын маңдағы жанармай құю бекетінен толтырады. Олардың тұрмыстық баллондарды толтыруға құқығы жоқ, алайда жаппай заңсыз іспен айналысады», - деді М. Пішембаев.

Осыған байланысты вице-министр тұрмыстық баллондар апаты газ өткізу нарығының қазіргі проблемаларымен тікелей байланысты екенін және тұрмыстық баллондарды өткізу кезеңінде шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Мұнда жалпы саясат, газды өткізу процесіне қойылатын талаптарды белгілеу, бақылау мен мониторингті газ және газбен жабдықтау саласындағы уәкілетті орган – Энергетика министрлігі жүзеге асырады.

Бұған дейін вице-министр Қазақстанда газ баллоны жарылысынан қанша адам қаза тапқанын айтқан еді.



Жоғары қарай