Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Гендерлік теңдік: саясаттағы әйелдер, құқықтық сауат және еңбекақы төлеудегі алшақтық

2022 жылдың 7 наурыз 2022 12:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазіргі қазақстандық қоғамда гендерлік саясатты іске асыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналып отыр. Оны жүзеге асыру демократияға қол жеткізудің, қазақстандық мемлекеттілікті нығайтып, қоғамды жаңғыртудың негізгі факторларының бірі деуге болады. 2021 жылғы деректерге сәйкес, Қазақстан гендерлік теңдік рейтингінде 80-орында. 2006 жылы 32-орында тұрғанымызды ескерсек, соңғы 10 жылдықта гендерлік теңдік өзекті мәселеге айналғанын байқауға болады. Осыған байланысты Халықаралық әйелдер күні қарсаңында еліміздегі гендерлік теңдік саясатын жүзеге асыру, әйелдер құқығы, олардың саясаттағы рөлі, тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдердің құқықтық сауатын арттыру, еңбекақы төлеудегі гендерлік алшақтық мәселелері, сонымен қоса әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін арттыру бағытында қолға алынуы керек шаралар жөнінде материал дайындауды жөн көрдік.

Биылғы қаңтар айындағы мәлімет бойынша, елімізде 9,84 миллион әйел бар екені анықталған. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,2%-ға көп.

Яғни елдегі әйелдер саны республикадағы жалпы халық санының 51,4 пайызын құрап отыр.

Сондықтан гендер, гендерлік теңдікке қатысты көптеген мәселенің белең алуы – бесенеден белгі жайт.

Себебі қоғам үздіксіз даму процесіне түскелі бері ерлер мен әйелдер үшін норма саналатын құқықтар һәм міндеттер, дәлірек айтсақ, гендерлік рөлдер біраз түрленіп, өзгеше бағыт ала бастады.

Қазақстандағы гендерлік теңдік

Осы тұрғыдан әлеуметтік зерттеулердің көбірек жүргізілуі, әйелдердің талап-тілегі мен құқығы тапталмас үшін сауатты, теңдікті, әділдікті қызғыштай қорғай алатын қоғам құра білгеніміз жөн.

Сонымен статистикалық деректер не дейді? Егер кезінде жүргізілген статистикалық деректерге сенсек, 2006 жылы Қазақстан гендерлік теңдік рейтингінде 32-орынды иеленіп, дамыған 30 елдің қатарына жақындаған.

Ал содан бері 14-15 жылдың бедері өткелі 2020 жылы кестеден аталмыш рейтиңде Қазақстанның 80-орынға дейін түскенін көріп отырмыз. 2021 жылы да сол 80-орынды сақтап, тоқтап тұрмыз.

Қазақстанның соңғы 15 жылдағы Бүкіләлемдік экономикалық форумдағы көрсеткішіне талдау жасасақ, осы жылдары 48 позицияны жоғалтқанымызды көруге болады. Бұл бізге нені көрсетіп отыр?

Гендерлік теңдік динамикасы




Гендерлік теңдік: Әйелдердің саясаттағы рөлі

Еліміздің саяси өміріне барлық азаматтың тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз ету мемлекетте демократия мен еркіндіктің, азаматтық қоғамның қалыптасуына ықпал етеді.

Бүгінде қазақстан үкіметі әйелдердің саясатқа араласуына, олардың жай ғана саясатпен айналысып қана қоймай, шешім қабылдау деңгейінде араласқанына мүдделі болып отыр.

Өйткені бұл – уақыт талабы. Осыған орай мемлекет басшысы 2020 жылы саяси партиялар туралы заңға өзгерістер енгізіп, бұдан бұлай партиялар мәжіліс пен мәслихат депутаттарына кандидаттар тізімін жасақтаған кезде әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота қарастыруды міндеттеген еді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2022 жылы 1 ақпандағы дерегіне сәйкес, ҚР Сенатында 9 әйел, Мәжілісте 28 әйел депутат болып қызмет атқарады. Әрине, бұл аса жаман көрсеткіш емес.




Сарапшы мамандардың пайымынша, мәжіліс пен сенаттағы әйел депуттар санын көбейту кейбір заңдық мәселерді шешуде маңызды рөл атқарады.

Заңгер, құқық қорғаушы Айман Омарова да саясатпен айналысатын әйелдер санын арттыру қажет екенін айтады.

Оның сөзінше, сол кезде ғана әйелдерге қатысты көптеген проблема шешімін таппақ.

«Бізде әйелдердің құқығын қорғайтын заң бар. Бірақ сол бар заңды әйелдердің өздері пайдалана алмайтын кездер де болып жатады. Заңды дұрыс білмейді. Мемлекет басшысы партиялар туралы заңға өзгеріс енгізген тұста саяси партиялардың депутат болудан үмітті адамдары тізімінде әйелдер мен жастардың үлесі 30 пайыз болуға тиісекені айтылды. Әйелдер осы құқығын пайдаланып, саясатқа араласып, онымен айналысады деп ойлаймын. Сенатта, Мәжілісте неғұрлым әйелдердің саны көп болса, соғұрлым олардың құқығы туралы мәселелер көтеріледі»,-дейді құқық қорғаушы А.Омарова.

Әйелдердің құқықтық сауатын арттыру

Жалпы қоғамда орныққан ер мен әйелге қатысты түрлі стереотиптерден бөлек, мамандар да елімізде салыстырмалы түрде ерлер әйелдерге қарағанда білімдірек екенін айтады.

Осы тұста статистикаға көз салсақ, шын мәнінде ресми деректердің мүлдем басқа екеніне куә боламыз. Мәселен, пандемияға дейін республикада әйелдердің 73,2%-ында жоғары білімі бар екені белгілі болған.

Ал ерлер арасында бұл көрсеткіш 61,1%-ды құраған.

Сондай-ақ төменде берілген кестеден зерттеуші мамандардың 53,4%-ын әйелдер, 47,6 %-ын ерлер құрап отырғанын көруімізге болады.




Дегенмен мамандар елдегі әйелдер қауымының құқықтық сауатын арттыру керегін алға тартады.

Заң саласының білікті маманы Айман Омарованың пайымынша, әйелдерде жоғары не орта білімінің болғаны олардың құқықтық сауатының жоғары екеніне дәлел бола алмайды.

Өйткені оның тәжірибесіне сәйкес, әйелдер жоғары білімді болса да, заңдық тұрғыдан өз талаптарын сауатты түрде жеткізе алмайтын көрінеді.

«Елімізде білім алмаған, оқуын бітірмей, тұрмысқа шығып кеткен әйелдер бар. Кейбір жағдайда тұрмысқа шыққаннан кейін отбасы мүшелері кедергі жасап, оқуын жалғастыра алмай қалғандары да жетерлік. Көбінің құқықтық сауаттылығы төмен деп айтар едім. Міне, сондай әйелдер өздерінің құқығын қорғай алмайды. Тіпті, оқыған, көзі ашық, жоғары білімді болса да, құқықтық тұрғыдан өз талаптарын сауатты жеткізе алмайды. Сондықтан әйел адамдардың құқықтық сауаттылығын көтеру керек»,-дейді ол.

Оның сөзінше, әйелдердің құқықтық сауатын арттыру мектептен бастау алуы керек.

Сондай-ақ ол қыздардың міндетті түрде білім алуы керегін, белгілі бір кәсіп меңгеру қажеттігін де тілге тиек етті.

« Заң бойынша, әйел мен ер - тең. Сондықтан қыздар мен қыз баламын демей, оқып, білім алуға ұмтылуы керек. Кейбір жастар оқуын аяқтамай, отбасын құрып алады. Кейін ажырасатын кезде не отбасы жоқ, не білімі жоқ, не жұмысы жоқтығынан қиындыққа ұшырайды. Отбасын құрар алдында білім алуды мақсат етуі керек»,-дейді сарапшымыз.

Заңгердің тағы бір көтеріп отырған мәселесі мынау - 9 сыныптан бастап құқықтық сауатпен қоса, қыздарды белгілі бір кәсіпке баулыған жөн.

«Мысалы, мектеп қабырғасында шаш қию, тігінші секілді мамандықтарды қоса оқыту керек. Толықтай болмаса да, базалық білім алып шықса да жетіп жатыр. Кейін оқу орындарына түсе алмай қалса, тіпті тұрмысқа шығып кетсе де, осындай кәсіппен айналысуына мүмкіндігі болады. Міне, сондықтан 9 сыныптан бастап бір кәсіпке деген бағыт пән ретінде қосылып отыруы керек»,-деп атап өтті заңгер А. Омарова.

Әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық

Елімізде әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі – күн тәртібінде тұрған проблеманың бірі.

Әсіресе пандемия тұсында оның әбден өршігенін көз көріп, құлақ естіді.

Осы тұста заңгер еліміздегі әйелдерге қатысты тұрмыс зорлық-зомбылық туралы заң жобасын реформалау керек екенін айтады.

«Бұл жердегі үлкен мәселе - зорлық-зомбылықтың құрбаны тек әйелдер ғана емес, оның ішінде балалар да бар. Көпбалалы аналардың да құқығын қорғайтын заңға өзгерістер керек. Көп жағдайда олар баламен отырып, оқымай қалады немесе оқуға қаржылай мүмкіндігі бола бермейді. Әйелдердің құқығы тапталатыны рас, бірақ көбіне олардың өздері құқығын білмейді. Әсіресе зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер күйеуінен қорқады, күйеуінің таныстары барын айтады, қайда барып шағым жазарынан да бейхабар. Кейде ажырасамын деп, бірақ күйеуім баламды бермей қояды деп, шыдап отыра беретіндері де бар. Заңгерге барып, ақыл-кеңес алуға болатыны секілді қарапайым дүниелерді біле бермейді»,-дейді білікті құқық қорғаушы.

Ашық дереккөздердегі статистикалық мәліметке сүйенсек, соңғы жылдары әйелдерге қатысты тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларының саны азайған.

Соңғы 10 жыл көлемінде, дәлірек айтсақ, 2013 жылы басқа жылдармен салыстырғанда зорлық-зомбылыққа қатысты оқиғалар саны көбірек тіркелген.

Ал 2019 бен 2020 жылдарды салыстырсақ, 96 мыңнан 63 мыңға дейін азайғаны мәлім болып отыр.

Бұдан бөлек Айман Омарова әйелдердің құқықтарын заңнамалық деңгейде қорғау тұрғысынан алғанда Еуропа елдері, АҚШ секілді дамыған мемлекеттер алда келетінін атап өтті.




Дегенмен бұл ол жақта «мәселе жоқ дегенді білдірмейді» дейді.

«Мәселен, Германияда болған кезде сондағы құрбымның танысы қоластында жұмыс істейтін қызметкерінің ылғи үйінде зорлық-зомбылыққа ұшырайтынын айтып, кеңес сұрады. Біз полицияға бару керегін айттық. Алайда ол құқық қорғау органдарына барғысы келмейтінін айтты. Сол сияқты АҚШ-тың шығысында орналасқан Солтүстік Каролина штатында әйелдерді қорғау ұйымдарын әдейі араладым. Оларда да тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі бар екенін көрдім. Онда тұратын әйелдердің ұлты да, нәсілі де әртүрлі. Олар көбіне заңнан гөрі, салт-дәстүрді сақтауға тырысады. Сол себепті де үйінде зорлық зомбылық көргенімен, заңға жүгінбейді»,-деп сөзін толықтырды заңгер.

Жоғарыдағы диаграммада көрсетілген статистикаға назар аударсақ, бізде де әйелдердің полицияға жүгінбеуі мүмкін екенін ескерген жөн.

Қазақстандағы еңбекақы төлеудегі гендерлік алшақтық мәселесі

Енді гендерлік теңдік тақырыбының тағы да бір қырына терең үңілсек, еңбек күшіне қатысты мәселенің қылаң беретінін байқаймыз.

Оған қоса жыл сайын Қазақстанның еңбек нарығында әйелдердің үлес салмағы артып келеді.

Мәселен, қазірдің өзінде экономикалық белсенді халықтың 48,5% - әйелдер.

Сондай-ақ әйелдер елдегі барлық жұмыспен қамтылғандардың 48,1%-ын және барлық жалдамалы қызметкердің 48,9%-ын құрап отыр.

Еңбек нарығында әйелдер үлесі (ІV тоқсан, 2021 ж.)

Барлығы

Әйелдердің үлесі

Экономикалық белсенді халық

4,49 млн

48,5%

Жұмыспен қамтылғандар саны

4,24 млн

48,1%

Жалдамалы жұмыспен қамтылғандар саны

3,29 млн

48,9%

Алайда еңбекақы төлеудегі гендерлік алшақтық әлем елдерінің басым бөлігінде сақталған.

Мәселен, Ұлыбританияда, Германияда және АҚШ-та бұл көрсеткіш шамамен 17-18%-ды, Францияда, Аустралияда және Нидерландта шамамен 15-17%-ды, Балтық елдерінде – 20%-ды, Жапонияда – 25%-ды және Кореяда-35%-ды, Қытайдың ауылды жерлерінде және Сауд Арабиясында ол 50%-ды құрайды.

Ал жалақыдағы ең аз гендерлік алшақтық Люксембургте тіркелген, онда бұл көрсеткіш шамамен 1%. М.Нәрікбаев атындағы KAZGUU Халықаралық экономика мектебінің деканы Сәуле Кемелбаеваның айтуынша, Қазақстанда да еңбекақы төлеуде алшақтық бар.

«Біздің соңғы жүргізген зерттеуіміздің нәтижесі бойынша, Қазақстанда әйелдердің орташа есеппен 25-27%-ға аз табыс табатыны анықталды. Және бұл өте тұрақты үрдіс болып отыр. Тарихи деректер жоқ, бірақ кеңестік экономикада гендерлік теңдікке, әйелдердің салыстырмалы тең жағдайына қатысты марксистік идеологияның жетістіктеріне байланысты гендерлік жалақы айырмашылығы азырақ деп саналды. Алайда, қолдағы бар дерекке сүйенсек, 2000 жылдардың басынан бастап гендерлік алшақтық 25-27% - ға дейін өскен»,-деді ол университет қолдауымен Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылған дөңгелек үстелде.

Қазақстан экономикасына мониторинг жасайтын Ranking.kz агенттігінің мәліметінше, 2021 жылы елдегі ер адамдардың жалақысы әйелдерге қарағанда 22%-ға жоғары болған.

Сондай-ақ маманның айтуынша, еңбекақы төлеудегі гендерлік алшақтық салалық сегрегациямен де байланысты.

Бұл еліміздің ең бай индустриалды аймақтарында, мұнай экспорттаушы Батыс және Орталық Қазақстанда көбірек байқалып отыр.

Оған қоса Сәуле Кемелбаева Қазақстандағы әйелдердің салыстырмалы түрде білімдірек екенін және олардың білім алудағы артықшылығы гендерлік жалақы айырмашылығын қысқартатынын атап өтті.

Оның пайымдауынша, салалық сегрегация болмаса, бұл көрсеткіш бұдан да аз болуы мүмкін еді.

Сонымен бірге ол елімізде еңбекақы төлеудегі гендерлік алшақтық өңірлерге байланысты ерекшеленетінін де тілге тиек етті.

«Мәселен, елдің оңтүстік бөлігінде еңбекақы төлеудегі гендерлік алшақтық көрсеткіші төмен. Бұл көп адам үшін күтпеген жаңалық болуы мүмкін, бірақ экономист маман ретінде мұның ақылға қонымды екенін жақсы түсініп тұрмын. Осылайша, саясаткерлер бұл мәселені шешу барысында, яғни гендерлік жалақы алшақтығын жою үшін деректерге негізделген саясатты әзірлеуі керек»,-дейді Халықаралық экономика мектебінің деканы.

Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін арттыру

Қазіргі таңда әйелдердің белсенді түрде жұмысқа араласып, шешім қабылдауға қабілетті болуы – бұл гендерлік теңдік үшін күрес емес, елдің бәсекеге қабілетін арттырудағы маңызды мәселенің бірі.

2020 жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің қатысуымен қызмет етіп жүрген көпшілік компанияда әйелдердің үлесі әлі де төмен, яғни 5-7% шамасында екенін атап өтіп, оны арттыру үшін белгілі бір іс-шаралар қабылдау керегін баса айтқан еді.

«Осындай жағдай ел тұрғындарының жартысынан астамын құрап тұрған әйелдердің әлеуетін толықтай жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Кеңес мүшелері бұл мәселені жан-жақты қарастырып, мемлекеттің қатысуы бар компаниялардың басшылық органдарында әйелдердің үлесін 30%-ға дейін арттыру туралы міндетті норманы енгізу қажетт. Аталған бастаманы кезең-кезеңмен жүзеге асыру туралы ойластыруымыз керек. Бұл өз кезегінде бизнес саланы әйелдер үшін тартымды етіп, мамандандырылған халықаралық рейтиңлерде Қазақстанның позицияларын жоғары көтереді»,-деді президент өз сөзінде.

Осы орайда «Цифрлық трансформация» қоғамдық қорының жетекшісі, «Techno women», «Гендерлік квоталар» қоғамдастығының жетекшісі Азиза Шөжеева мемлекет басшысы айтқан көрсеткіштерге жету үшін қолға алу керек іс-шаралар жөнінде өз пікірімен бөлісті.

Ол Халықаралық әйелдер күні қарсаңында М. Нәрікбаев атындағы KAZGUU-дің қолдауымен өткен іс-шарада бірқатар мәселеге тоқталды.

Оның айтуынша, әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін арттыру мақсатында институтционалды реформалар жасау, әлеуметтік саясатты модернизациялау, қоғамдағы әйелдердің мәртебесін көтеру, сонымен қатар цифрландыру саласына әйелдерді көптеп тарту керегі бүгінгі күннің ең бір өзекті мәселесі болып отыр.

«Біріншіден, әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтудің ұлттық жоспарын әзірлеу керек. Сонымен қоса дискриминацины жою бойынша заңнамаға талдау жүргізіп, гендерлік тепе-теңдікті қалыптастыру туралы заң қабылданып, еңбек кодексіне және өзге де заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілу керек. Сонымен бірге әйелдерге арналған ресурстық орталықтар желісін құрып, дағдарыс орталықтарын жаңғырту қажет»,-деді ол.

Бұдан бөлек әлеуметтік кәсіпкерлікті ынталандыратын әйелдерді жұмыспен қамту бағдарламасын әзірлеу, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және қаржылық ресурстардың қолжетімділігін арттыру, несие беру жасын ұлғайту бағдарламаларын іске қосу қажет екенін тілге тиек етті.

Сондай-ақ әлеуметтік саясатты жаңғырту асяында ана мен баланы қолдау жүйесін реформалау, әлеуметтік қызметкердің мәртебесін көтеру, балалармен және ерекше қажеттіліктері бар адамдармен жұмыс істейтін мамандарды дайындау үшін инфрақұрылым құру, кішкентай балалары бар әйелдерге, жалғыз басты ата-аналарға қолайлы еңбек жағдайларын жасау керегін де атап өтті.

«ІТ мамандықтары бойынша қыздарға арналған гранттар санын көбейту, бағдарламалау және басқа да дағдыларды үйрету үшін қыздарға арналған тегін сабақтарды ашу керек. Аймақтарда қыздарға арналған қолжетімді кодтау және цифрлық дағдыларды оқыту курстарын қолға алу қажет»,-деді Азиза Шөжеева.

Жалпы бәсекеге қабілетті ел болу үшін де мемлекеттік және қоғамдық саясатта гендерлік теңдікті нығайту, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, саясатпен айналысатын әйелдер санын көбейту керек.

Гендерлік саясатты жүзеге асыру - демократияға жетудің негізгі факторларының бірі екенін ұмытпаған жөн.

Қазіргі қазақстандық қоғамда тиімді гендерлік саясатты іске асыру үшін халыққа гендерлік құқықтар мен бостандықтар туралы, гендерлік білім жөнінде белсенді түрде ақпарат беру қажет.

Сонда ғана гендерге байланысты көзқараста оның әлеуметтік құрылым екенін мойындауымызға әрі бір жыныс басқаға қарағанда құзыретті, сыйлы деген қасаң қағидаттарды жоюға мүмкіндігіміз зор.

Қысқасы, гендерлікке қатысты конфликтиология теоретиктері түсіндіретін сексизм құбылысының да мәні азайып, күнделікті өмірде туындайтын гендерлік теңсіздіктермен күресте сауатты болуымыз үшін әр адамның қоғам алдында, адамзат алдында өзін жауапты сезінгені абзал.

Автор: Назерке Сүйіндік


Басты сөздер: Гендерлік саясат, Қоғам,
Жоғары қарай