Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Германия азаматы ірі сомада ақшасын тауып берген қостанайлық полицейлерге алғыс айтты

2021 жылдың 6 маусым 2021 17:32

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Германия азаматы ірі сомада ақша салынған әмиянын тез арада тауып берген Жітіқара полицейлеріне алғыс айтты. Бұл туралы Қостанай облысының Полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олег Ковальков Жітіқарадағы туыстарына келген. 6 маусым күні Германияға кері билеті болған. Бір күн бұрын, яғни 5 маусымда жолға жиналып, дүкенге барған.

«Шағын дүкенге кіріп, азық-түлік сатып алдым. Бірнеше сағаттан кейін көзілдірік сатып алу үшін оптикаға бардым. Сол жерде әмиянның жоқ екенін байқадым», - деп еске алды Олег Ковальков.

Оның айтуынша, әмиянда 2 мың еуро, 100 мың теңге және жеке құжаттары болған. Содан кейін қайта дүкенге барып, әмиянды іздестірген. Құжаттары табылмаған соң, Германия азаматы полиция көмегіне жүгінген.

Полицейлер О. Ковальков барған дүкеннің бейнекамералары таспаларын тексеріп шыққан. Видео бойынша әмиянды дүкенге келген бейтаныс ер адам алғаны анықталды. Дүкенші де ол адамды танымайтынын айтқан.

Осыдан кейін полиция дүкеннен шыққан аталған адам жүріп өткен бағдардағы бейнебақылау камераларын қарап отырып, оның тоқтаған үйін анықтады. Учаскелік инспекторлар күдікті адамды тауып, шетелдік азаматтың құжаттары мен ақшасын қайтарып берді.

«Полицияның жедел әрекетін көрдім. Екі сағат ішінде құжаттарымды тауып берді. Осы орайда олардың барлығына алғысымды айтамын», - деді О. Ковальков.

Әмиянды жымқырған 58 жастағы Жітіқара тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.


Авторы Жанна Мұсабекова


Жоғары қарай