Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Германия кәсіпкерлерінің делегациясы Жамбыл облысына барады

2020 жылдың 17 қыркүйек 2020 17:04

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Алматы қаласындағы Германия Федеративтік Республикасының Бас консулы Кристиана Маркертпен кездесті. Жүздесу барысында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кристиана Маркерт Қазақстанда өткен жылдың қараша айынан бастап жұмыс істеуде. Бас консулдың Жамбыл облысына сапары бірнеше ай бұрын жоспарланған, бірақ індет оған жол бермеді. Оның айтуынша, соңғы бес - жеті жыл ішінде Германияның Бас консулдығының бірде-бір өкілі Жамбыл өңіріне келмепті.

«Маған Тараз қатты ұнады. Жамбыл облысының немістер қоғамымен танысу ерекше әсер етті. Немістердің өздерін Қазақстанда қалай еркін сезінетіндігі, ана тілінде сөйлеп, мәдениетін сақтай алатындығы мені қуантты», - деп атап өтті Бас консул.

Облыс әкімі Германия мен Жамбыл кәсіпкерлерінің жемісті ынтымақтастығын атап өтті.

«Өңірлер біздің елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосуда. Әсіресе, экономика, инвестициялар тарту салаларында. Бүгінде біздің облыста Германияның екі компаниясы жұмыс істеуде. «Monterro Qazaqstan« ЖШС қымбат металдарды өндірумен айналысады. Инвестиция көлемі – 600 миллион еуро. Компания облыс аумағында 2014 жылдан бастап жұмыс істейді. Алайда әзірге құжаттарға қатысты жұмыстарда біршама қиындықтар туындауда. Бұл бойынша мен Қазақстандағы Германия Елшісіне тиісті құжаттаманы ресімдеу бойынша көмек сұрап жүгіндім. Тағы бір неміс компаниясы биогаз қондырғыларымен айналысуда», - деді облыс әкімі.





Кристиане Маркерт көптеген елдердің экономикасына айтарлықтай соққы болған пандемияның аймақ экономикасына қалай әсер еткенін сұрады.

Бердібек Сапарбаевтың сөзінше, коронавиурус індеті айтарлықтай залал әкелмеген.

«Пандемияға қарамастан экономика өсімі өткен жылмен салыстырғанда 100,5 процентке қамтылды. Жұмыс орындарын жаппай қысқарту, жалақыны кешіктіру деректері болған жоқ»,- деп атап өтті аймақ басшысы.

Экономикалық әріптестікке қатысты айтар болсақ, келер жылдың наурыз-сәуір айларында Жамбыл облысына Германия Бас консулдығының экономикалық делегациясы келуді жоспарлап отыр.

«Мен Баварияда туып, өстім. Ол жақтағы кәсіпкерлер де биыл қазан айында Қазақстанға келмек болды. Бірақ пандемия жоспарды бұзды. Айта кетерлігі, бавариялық делегация ауыл шаруашылығы саласына басымдық беруде. Менің білуімше, Қазақстан аграрлық саланың дамуына көп қаражат қарастырмақшы», - дейді К. Маркерт.

Өз кезегінде облыс әкімі Бавария кәсіпкерлерімен орнатылған әріптестік қатынастың болашағы зор боларына үмітті екенін жасырмады.

«Мен Баварияда жұмыс сапарымен болғанмын. Ол жақта мықты ғылыми-зерттеу институттары бар. Олармен байланыс орнатсақ, жақсы болар еді. Біздің өңірге қызығушылық танытып отырғаны қуантады. Өзара әріптестік қос тарапқа да пайдалы екені даусыз. Ауыл шаруашылығы саласында тұқым, техника мен өнімді қайта өңдеу бағытында жұмыс атқаруға болады. Германияға тәжірибе алмасу үшін біздің мамандарды жіберген жақсы болар еді»,- деген пікірін білдірді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, аймақ басшысы өңіріміздің неміс кәсіпкерлерімен баламалы энергия көздері саласында әріптестік орнатуға мүдделі екенін атап өтті.


Жоғары қарай