Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Германияда коронавируспен күрестің жаңа шаралары енгізіліп жатыр

2020 жылдың 30 қыркүйек 2020 09:35

БЕРЛИН. ҚазАқпарат – ГФР канцлері Ангела Меркель елде коронавирус инфекциясының өсімін тоқтату үшін тиісті шараларды одан әрі қолдану мақсатында Германияның барлық 16 федералдық жерінің басшыларымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесу бүкіл Германия бойынша COVID-19 жұқтыру оқиғаларының өсіміне байланысты өткізілген. Соңғы тәулікте ГФР денсаулық сақтау органдары коронавирусқа шалдығудың 2000-нан астам жаңа оқиғасын тіркеген.

Канцлер А.Меркель Германияда ауру жұқтырудың мұндай қарқынымен жылдың соңына қарай көрсеткіш күніне 19 мыңнан астам оқиғаға дейін жете алатынын ескертті.

Оның айтуынша, жаңа шаралардың мақсаты – биліктің қауіпті инфекция өсімінің алдын алып, ұлттық оқшаулауды болдырмау.

«Біз аймақтық деңгейде, нақты әрі мақсатты түрде әрекет еткіміз келеді, елімізде тағы да шектеу енгізілгенін қаламаймыз – оған жол берілмеуі тиіс», - деп мәлімдеді А.Меркель баспасөз конференциясында.

Ұлттық деңгейдегі кеңес қатысушылары індетті жұқтыру қаупі жоғары аудандарда көңіл көтеру кештерін өткізуді шектеуге келісті. Жеті күн ішінде 100 000 адамға шаққанда ауру жұқтырудың 35 мың оқиғасы тіркелген аудандарда жекеменшік көңіл көтеру кештерінің саны 25 адамға дейін, ал қоғамдық орындардағы жиналыс саны енді 50-ге дейін шектелген.

Бүкіл Германия бойынша үйлену тойлары, көңіл көтеру кештері мен басқа да жеке ұйымдастырылған шаралар COVID-19 жұқтыру оқиғаларының өсіміне әкелетін ошақтар болып саналады. Осылайша, елде халық ең тығыз орналасқан Солтүстік Рейн-Вестфалиядағы Хамм қаласында өткен үйлену тойында 100-ден астам адам, соның ішінде 40 бала індет жұқтырды.

«Біз көп нәрсені үйреніп, жаздың ішінде КВИ-ға қарсы күрес жүргізуді үйрендік», - деп атап өтті А.Меркель. Алайда ол күз бен қыс алдында ауру жұқтыру санының өсімі алаңдаушылық тудыртып отырғанын білдірді.

Олай болғанымен, ГФР билігі экономиканың қызметін, балабақшалар мен мектептердің жұмысын тоқтатпауын ел үкіметінің басты басымдығы ретінде санайды.

Бұдан басқа, 16 федералдық жердің барлығында енді инфекцияның таралуына жол бермеу үшін мейрамханалар мен барларда алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынады.

Канцлер А.Меркель мен ГФР жерлерінің үкімет басшылары азаматтарды осы күзде қауіпті аймақтарға сапар жасамауға шақырды.

Германиямен көршілес бірнеше ел – Бельгия, Нидерланды және Францияда да індет жұқтырудың өсімі байқалуда. А.Меркель Германия үкіметінің ЕО-ның басқа елдерімен зардаптарды жұмсарту бойынша шаралар қолданатынын атап өтті.


Басты сөздер: Әлем, Коронавирус, Медицина,
Жоғары қарай