Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Грузия мен Арменияға сапарлайтын қазақстандықтар нені білуі тиіс

2021 жылдың 25 тамыз 2021 17:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – COVID-19 пандемиясы таралуының кезекті толқынын күткен әлемнің түрлі елдері шетелдіктер үшін жаңа шектеулер мен келу ережелеріне өзгертулер енгізіп жатыр. Осы орайда Грузия мен Арменияға сапарлауды жоспарлап отырған қазақстандықтардың қаперінде не болуы тиістігіне қатысты шолу ұсынуды жөн көрдік, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Грузия: Вакцинация әлде 3 мәрте ПТР тест тапсыру

Толықтай вакцинацияланған қазақстандықтар Грузияға әуе көлігімен ұшып келгенде айтарлықтай әуре-сарсаңға түсе қоймайтындығы анық. Бұл санатқа кірген тұлғаларға кез келген вакцинамен вакцинациялаудың толық курсынан өткендігін дәлелдейтін құжатын ұсыну қажет болады. Мұндай жағдайда ПТР тест тапсыру және Грузияға кірген кезде алдын ала тіркеу қажет емес.

Алайда, толықтай вакцинацияланған Қазақстан азаматы Грузия шекарасын жер немесе теңіз жолы арқылы кесіп өткен сәтте алдын ала (72 сағаттан кешіктірілмеген уақытта) ПТР тест тапсыруға тура келеді. ПТР нәтижесі бар сертификат грузин, орыс немесе ағылшын тілінде болуы тиіс. Бірақ, бұл санатқа жататын саяхаттаушылар үшін елге кірген кезде алдын ала тіркелу талап етілмейді.

Үндістаннан саяхаттаушыларға немесе Грузияға келгенге дейінгі 14 күндік мерзімде аталған елде болған азаматтарға ерекше талап қойылады. Яғни, Үндістанда болған азаматтар Грузия шекарасын кесіп өткен кезде вакцинацияның толық курсынан өткені туралы сертификатпен қатар ПТР тестінің теріс нәтижесі көрсетілген анықтамасын да ұсынуы тиіс. Бұған қоса, өз қаражаты есебінен екі апта бойы міндетті түрде карантинде жатады.

Айта кетерлігі, көп дозалы вакцинаның бір дозасын ғана алған келушілерге де Грузия бірқатар жеңілдік ұсынады. Бірақ, ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шұғыл қолдануға мақұлдаған (қазіргі уақытта Pfizer/BioNTech, Moderna, AstraZeneca, Sinopharm және Sinovac вакциналары) вакцина болуы тиіс. Бұған қоса, жоғарыда аталған вакцинаның бірінші дозасын алғандығын дәлелдейтін құжатпен қатар елге кірген сәтке дейінгі 100 күндік мерзімде алынған ПТР тестің оң нәтижесі болған жағдайда COVID-19-дан кейін сауыққанын дәлелдеуі қажет. Әуе көлігімен сапарлаған кезде ПТР тестінің де, алдын ала тіркелудің де қажеті жоқ. Ал жер және теңіз көлігі арқылы саяхаттаған жағдайда 72 сағаттың ішінде тапсырылған ПТР тест нәтижесі міндетті.

Ал вакцина алмаған Қазақстан азаматтары үшін Грузия шекарасын кесіп өту процедурасы біршама қиын болмақ. Ұшақ, жер немесе теңіз көлігі арқылы саяхаттайтын азаматтар бірқатар ережені сақтауы қажет. Нақтырақ айтар болсақ, вакцина алмаған қазақстандықтарға Грузияға кіру Қазақстаннан тікелей немесе белгілі бір елдерден транзит арқылы рұқсат етіледі. Ереженің толық тізбесімен мына сілтеме арқылы таныса аласыздар.

Ал шекаралық бақылауда 72 сағаттың ішінде тапсырылған ПТР тестінің теріс нәтижесін ұсынуыңыз қажет. Грузияға келгеніңізге үш күн болған сәтте өз қаражатыңыздың есебінен кез келген зертханада немесе мобильді бекетте қайтадан ПТР тест тапсыруыңызға тура келеді. Дәл осы тест нәтижесі көрсетілген сертификатты Грузия аумағынан шығып кеткенге дейін сақтауға тиіссіз әрі оны елден шығар кезде жауапты тұлғаға көрсететін боласыз. Бұл талапты орындамаған жағдайда шамамен 600 доллар айыппұл төлеуіңізге тура келеді. Айта кетерлігі, Грузияда ПТР тестілеу құны 65-80 лари (1 лари 136 теңге) шамасында.

Грузия шекарасын кесіп өтпес бұрын мына сілтеме арқылы алдын ала тіркеуден өту рәсімін жасауыңыз қажет. Тіркеу парағын толтыру ағылшын және грузин тілінде жүргізіледі. «Төлқұжат нөмірі» тармағында мәліметтерді енгізу «N» литерінен басталуы қажеттігін қаперден шығармаңыз.

Ал 10 жасқа дейінгі балалар шекараны кесіп өткенге дейін де, Грузияда жүргеніне 3 күн толғаннан кейін де шекараны қалай кесіп өтсе де, ПТР тест тапсырудан босатылады.

Айта кетерлігі, вакцина алмаған Қазақстан азаматтары Грузиядан елге оралғаннан кейін үшінші рет ПТР тест тапсыратын болады.

Армения: вакцинация сертификаты ПТР тестпен тең

Грузиямен салыстырғанда Арменияда вакцинация сертификаты ПТР тест нәтижесімен теңестірілген. Ал елге кіру ережесі әуе көлігімен де, жерүсті көлігімен келсеңіз де бірдей. Вакцина алған Қазақстан азаматтары шекарада кез келген вакцинаның вакцинация курсынан толық өткені туралы сертификат ұсынады. Бұл орайда елге кіргенге дейін бір дозалы вакцина кемінде 4 апта, ал көп дозалы вакцинаның соңғы дозасы 2 апта бұрын алынуы тиіс. QR коды бар вакцинация сертификатын электронды, сонымен қатар қағаз түрінде де ұсынуға болады.

Ал вакцина алмаған Қазақстан азаматтары 72 сағаттың ішінде тапсырылған ПТР тесттің теріс нәтижесін армиян, орыс немесе ағылшын тілінде ұсыну қажет болады. Не болмағанда әуежайда, тіпті бақылау-өткізу пунктінде тест тапсыра алады. Әдетте мұндай тест нәтижесі келесі күні ғана дайын болады. Сондықтан әуежайда тест тапсырған жолаушылар баратын жерінде міндетті түрде нәтиже шыққанға дейін оқшаулануы керек. Арменияда ПТР тест құны 9 мыңнан 15 мың драмға (1 драм 0,87 теңге) дейінгі соманы құрайды. 1 жасқа дейінгі балалар вакцинация сертификатын немесе теріс ПТР тест нәтижесін ұсынбайды. Армения шекарасын кесіп өткен сәтте теріс ПТР тест нәтижесі немесе вакцинация сертификаты болмаған жағдайда, сонымен қатар өткізу пунктінде тест тапсырудан бас тартқан кезде жолаушы міндетті түрде екі аптаға оқшауланады. Армения аумағында кірген сәтте COVID-19 белгілері бар тұлғалардың аруханаға жату мүмкіндіктері де бар. Арменияға Ресей Федерациясы арқылы баратын Қазақстан азаматтары «COVID-19-сыз саясаттаймын» мобильді қосымшасы көмегімен сертификаттарын көрсетуге міндетті.

Жалпы, қазіргі уақытта Грузияда да, Арменияда да маска режимі қолданыста. Грузияда жабық ғимаратта, сонымен қатар адамдар көп жиналатын орындарда маска тағуыңыз қажет. Ал Арменияда жабық ғимаратта ғана маска тағу міндетті саналады.


Жоғары қарай