Ауа райы
Астана -12 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Халық коммунистері Каспийдің экологиялық мәселесін көтерді

2020 жылдың 27 қазан 2020 00:07

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Қазақстанның коммунистік халық партиясының (ҚКХП) Маңғыстау облысындағы өкілдері Каспий теңізінің солтүстік бөлігіне мемлекеттік тұрғыда кешенді экологиялық мониторинг жүргізуді ұсынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коммунистердің мәліметінше, осыған дейін бірде-бір кешенді зерттеу жүргізілмегендіктен, акваториядағы экологиялық мәселелердің негізгі себептері айқындалмаған. ҚКХП филиалының мүшелері табиғат жанашырларымен және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен бірлесіп, қоршаған ортаның ластануы мен оның шешу жолдарын талқылады. Каспийге мұнайдың төгілуі, қоқысқа толуы және заңсыз балық аулау деректерінің көбеюі теңіздің ластануына әкеп тіреуде.

Партия мүшелері атап өткен аймақтағы өзекті экологиялық мәселенің тағы бірі – Ақтаудан 5-6 шақырым жердегі «Қошқар ата» қалдықтар қоймасы. Қазіргі таңда көлдің бетіне 30 жыл бойы үздіксіз төгілген улы заттардың салдарынан 105 миллион тонна қатты қалдық жиналған. Ол ауаға тарап, жақын маңдағы тұрғындар мен сонда жайылатын малдың денсаулығына зиян келтіруде.

«Үшінші мәселе, біздің қаланың іргесіндегі Қошқар ата көлі, оның радиациялық себептері және қазір 1989 жылдан бері тоқтап тұрған ХГМЗ сияқты зауыттардың ағынды сулары көлге түспесе де, қазір экологиялық проблемалары өте үлкен қауіп төндіруде. Жалпы тұрғындарға, қоршаған ортаға қаупі өте орасан. Осы мәселелерді талқылап, өзіміздің халықтық депутаттар арқылы үкіметке жеткізу негізгі мақсатымыз», - деді Қазақстан коммунистік халық партиясы Маңғыстау облыстық филиалының 1-ші хатшысы Роза Махамбетова.


Жоғары қарай