Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Халыққа кредиттік амнистия неге берілмейді – сарапшы пікірі

2022 жылдың 5 қаңтар 2022 16:01

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Борышкер азаматты қорғаудың тиімді әдісі - Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығы институтын енгізу. Мұндай пікірді Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Алматы қаласындағы өкілдігінің жетекшісі Әсел Әбен айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанға митингке шыққан халық талаптарының бірі – кредиттері мен қарыздарын есептен шығару. 2020 жылы пандемияға және кірістен айырылуға байланысты 2021 жылдың ішінде заңды да, жеке тұлғалардың да тарапынан кредитке сұраныс артты. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, 2021 жылдың қаңтар-қазанында 16 745,5 млрд теңге кредит берілді. Бұл өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 45,1 пайызға көп. Оның ішінде 2021 жылдың қаңтар-қазанында заңды тұлғаларға берілген кредит 16,3 пайызға, ал жеке тұлғаларға 97,4 пайызға артты. 2021 жылдың 1 қарашасындағы жағдайға сәйкес, азаматтардың тұтынушылық мақсаттағы кредиттерінің өзі 5 833,2 млрд теңгені құрады. Жеке тұлғаларға берілген кредиттер бойынша сыйақының теңгерімді мөлшерлемесі 2020 жылмен салыстырғанда 2021 жылдың қазанында 18,1 пайызды құрағанына қарамастан өткен жыл бойы сұраныс 30 пайыздан астамға өсті. Бұған қоса, борышкерлер саны артып, шамамен 1 млн азаматтың банктің займдар мен салықтар бойынша мерзімі өткен берешектері бар», - деп атап өтеді ол.

Оның атап өтуінше, берешек деңгейі артып, рұқсат етілген нормадан асқан сыни жағдайда ахуалды біршама тұрақтандыруға мүмкіндік беретін түрлі тетіктер қолданылады. Мұндай іс-шаралардың бірі - кредиттік амнистия. Бірақ, мұндай іс-шара өте сирек қолданылады. Өйткені, теріс салдары болуы мүмкін. Яғни, азаматтардың өз міндеттемелері бойынша жауапкершілік деңгейі төмендеп, масылдық көңіл күй қалыптасады.

«Қазақстанда 2019 жылы мұндай іс-шара қолданылды. Халықтың аз қамтылған санаттарының қарыздары кешіріліп, 500 мыңнан астам азаматтың шамамен 115 млрд теңге қарызы есептен шығарылды. Сонымен қатар 1,2 млн азаматтың шамамен 33,6 млрд теңге сомасындағы айыппұлдары мен өсімпұлдары өтелді. Ахуалды құқықтық аяда реттеуге және бақылауға мүмкіндік беретін, кредиттер мен салықтар бойынша берешектің шамадан тыс артуына жол бермейтін біршама өркениетті әдіс – реттеушілік және құқықтық тетіктерді жетілдіру. Мұндай қадам - Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығы институтын енгізу. Бұл борышкер азаматты қорғаудың біршама тиімді әдісі саналады әрі берешектен құтылуға және бәрін таза парақтан бастауға мүмкіндік береді. Мұндай институттың басты құндылығы – азаматтарға заңды тұлғалар мен мемлекет алдында өзінің мүддесін қорғауға мүмкіндік беруінде. Азамат міндеттемелерін өтеуге қатысты қиындық туындаған жағдайда, кез келген сатыда банкроттыққа бастама жасауға құқылы болады. Түптеп келгенде жеке тұлғалардың банкроттығы институты азаматтарға қарыздарын қайта құрылымдау немесе сот шешімімен борышкердің мүлкін сату арқылы өз төлем қабілетін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл азаматтардың, ең алдымен өхалықтың әлеуметтік аз қамтылған тобының мүддесін қорғауға бағытталған аса қажетті әрі маңызды қадам», - деді Әсел Әбен.


Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Экономика, Кредит, Қоғам,
Жоғары қарай