Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Хоккей: Қазақстандық жастар Швециядан жеңіліп қалды

2019 жылдың 30 желтоқсан 2019 22:31

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Чехияда шайбалы хоккейден 20 жасқа дейінгі жастар құрамалары арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Швециямен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі қарсыласымыз осал емес. Жылма-жыл жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді. Аталмыш құрама бүгінге дейін 2 мәрте алтын, 11 мәрте күміс, 5 мәрте қола жүлдегер атанды. Соңғы сегіз әлем чемпионатында 4 мәрте үздік үштіктен көрінді. Осының өзі олардың әлеуеті қандай екенін айғақтайды. Былтыр қазақстандық жастар құрамасы аталмыш қарсыласынан 1:4 есебімен жеңілген еді. Олар былтыр жалпы есепте бесінші орыннан аса алған жоқ.

Екі құрама арасындағы бүгінгі кездесуде швед хоккейшілері алғашқы минуттан ойын тізгінін қолға алды. Қазақстандық құрама қақпасына қатарынан бес шайба соқты. Алдымен 15 және 22-минуттарда Самуэль Фагемо қос голдың авторы атанса, 24-минутта Линус Эберг есепті ұлғайта түсті. Ал Нильс Хёгландер 27, Йонатан Берггрен 30-минутта тағы екі шайба соғып кетті. Осыдан кейін қазақстандық хоккейші Олег Бойко 31-минутта есеп айырмасын қысқартты. Ал 51-минутта швециялық Лукас Рэймонд біздің қақпадан саңылау тапса, оған 53-минутта қазақстандық Максим Мусоров бір голмен жауап қайырды. Айта кетерлігі, бұл - Максимнің әлем чемпионатында соққан төртінші шайбасы. Ол бұдан бұрын Швейцария, Словакия құрамалары қақпашысын қапы қалдырған еді. Бүгінгі кездесуде Қазақстан жастары Швецияға 2:6 есебімен жол берді.

Бұған дейін қазақстандық жастар Швейцариядан 3:5 , Словакиядан 1:3 Финляндиядан 1:7 есебімен жеңіліп қалған еді.

Енді қазақстандық жастар 2020 жылдың 2, 4, 5 қаңтар күндері әлем чемпионатының жұбаныш кезеңінде В тобында соңғы орын алған құрамамен сынға түседі. Әзірге оның қандай команда екендігі белгісіз. Былтыр олар Данияны екі ойында жеңіп, топ-дивизиондағы орнын сақтап қалған болатын.


Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай