Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Іле Алатауы ұлттық паркіндегі жер сатылмайды – Ерлан Нысанбаев

2020 жылдың 7 маусым 2020 20:18

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Іле Алатауы ұлттық паркіндегі жер сатылмайды және өзге елдің азаматтары мен шетелдік компанияларға пайдалануға берілмейді. Бұл туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев Facebook-тегі парақшасында мәлім етті.

Вице-министр Іле Алатауы ұлттық паркінде инфрақұрылымды дамытуға қазақстандық инвестор жауапты екенін, ондағы жер сатылмайтынын атап өтті.

«Алматы жұртшылығы Іле Алатауы ұлттық паркінде эко-туризмді дамытуға қатысты мəселе көтерген еді. Атап өтсем, 2019-2025 жылдарға арналған туристік саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде шетелдік, оның ішінде АҚШ-тың табысты тəжірибесі негізінде ұлттық паркті дамытудың бас жоспары жасалды. Осыған орай, өз мойнына ұлттық парктің инфрақұрылымын қоршаған ортаға зиян келтірмей дамыту міндетін алған жауапты қазақстандық инвестор анықталды. Бірден назар салатын жәйт, Ұлттық парктегі жерлер сатылмайды! Өзге елдің азаматтары мен шетелдік компанияларға пайдалануға берілмейді! Оған Қазақстан Республикасының заңы бойынша тыйым салынған!» - деп жазды ол.

Алайда, Ерлан Нысанбаев қазақстандық инвесторға 35 га жер жалға берілгенін жасырмады: «Ұлттық парктердің қазіргі жағдайын өздеріңіз көріп отырсыздар: кəуапхана, абажадай мейрамханалар, сапасыз қызмет, сүреңсіз көріністер. Жағдайды түбірімен өзгертпей болмайды. Бірінші орында адам мен табиғаттың байланысы тұруы тиіс. Тиісінше, жолдарды, көру алаңдарын, өзен үстіндегі көпірлерді, табиғи үндестікті бұзбайтын шағын нысандарды салу керек. Осының бəрін жолға қоятын қазақстандық инвесторға жалға небәрі 35 га жер учаскесі пайдалануға берілді».

Вице-министр келтірген мәліметке сүйенсек, инвестормен кезең-кезеңмен 10 заманауи визит-орталық, 155 км-ден астам жаяу маршруттар салады. Бұл жоба жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді, кәсіпкерліктің дамуын және туризм саласындағы жоғары білікті кадрлардың өсуін қамтамасыз етеді.

Одан бөлек, Ерлан Нысанбаев инвестор барлық жұмысты қоршаған ортаға зиян келтірмей іске асыратынын, ал тұрғызылатын құрылымдар заманауи экологиялық материалдардан әзірленетінін атап өтті.

Сөз соңында басшы ұлттық парк халыққа әркез қолжетімді болатынын, тіпті Ұлттық парк жанында Қоғамдық кеңес құрылатынын атап өтті.

«Айта кетерлігі, ұлттық парк бұрынғыдай кез келген қазақстандық үшін қолжетімді болып қала береді. Ешқандай қоршаулар болмайды. Осы апта бойы Алматы жұртшылығымен, белсенділермен, журналистермен кездестік. Халықтың барлық талап-тілегі ескеріледі. Нəтижесінде Ұлттық парк жанында Қоғамдық кеңес құратын болып шештік. Инвестордың барлық жұмыстарды сапалы түрде орындауын біз халықпен бірге қадағалайтын боламыз. Табиғатқа ешқандай залал келмейді. Ол қатаң түрде қадағаланады», - деп түйді сөзін ол.


Жоғары қарай