Ауа райы
Астана 30 °С
Алматы 34 °С
валюта бағамы
USD 384.39
EUR 431.71
RUB 6.11
CNY 55.88

Индустриялды-инновациялық дамудың жаңа тұжырымдамасы әзірленеді

2018 жылдың 27 наурыз 2018 12:55 9841

АСТАНА. ҚазАқпарат  -  Жыл соңына дейін  «2020-2024 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының индустриялды-инновациялық даму тұжырымдамасы әзірленеді. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өнеркәсіпке Индустрия 4.0 элементтерін енгізу үшін технологиялардың экспорты мен трансфертіне ерекше назар аударылады. Отандық кәсіпорындарды цифрландыру мен жаңғырту бойынша жаңа құралдарды жетілдіріп, әзірлеу керек. Цифрландырудың неғұрлым мақсатты түрде алға жылжуына қолдау көрсетудің кейбір шараларын ішінара қайта қарауды жоспарлап отырмыз»,-  деді министр.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін көрсететін алаңға айналатын бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарды цифрландырудың ілкі жобасын іске қосу көзделген. Бүгінгі күні Фраунгофер институты сарапшыларының ұсыныстарына сәйкес кәсіпорындар іріктеліп алынды. Олар мына кәсіпорындар: «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Карлскрона» ЖШС, «Химфарм» АҚ, «Евразиан фудс» АҚ, «Алматы вентилятор зауыты» ЖШС, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС, «Қазхром».

«Сонымен қатар, тау-кен металлургиялық кешенінің жүйеқұрушы кәсіпорындарында Индустрия 4.0 технологияларын енгізу жобаларын жүзеге асыратын боламыз. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында «2020-2024 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының индустриялдық-инновациялық даму тұжырымдамасын әзірлеу жұмысын бастадық», - деді министр.

Жеңіс Қасымбектің  сөзіне қарағанда, аталған тұжырымдамада инновациялар мен озық технологиялар трансфертін дамытуға, өнеркәсіпті цифрландыру мен стандарттау жүйесін дұрыс бейімдеуге айрықша назар аударылатын болады.

«Бұл жұмыстарды 2018 жылдың соңына дейін аяқтаймыз», - деді ол.

Жоғары қарай