Ауа райы
Астана -11 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Интернеті жоқ тұрғын үйлер пайдалануға берілмейді – Бағдат Мусин

2020 жылдың 29 қазан 2020 14:36

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин интернет сапасының қалай тексерілетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы бүгінде байланыс сапасын қадағалауға мүмкіндік беретін нормативтік актілер бар. Егер сигналдың бір бөлігі ұстап тұрса, стандартқа сәйкес, байланыс бар екенін білдіреді. Әрине, бұл байланыстың интернетте сапалы жұмыс істеуге және қызметтерді пайдалануға жеткіліксіз екенін түсінеміз. Сондықтан қазір бізде екі мәселе бар. Интернет сапасына қойылатын нақты талаптар жоқ және ел бойынша қай жерде жағдай мүшкіл, қай жерде интернет бар екені жөнінде сараптама жоқ», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, интернеттің сапасын бақылау мен мәселелерді шешу үшін екі жол таңдалған. Біріншісі – «Байланыс бар» халықтық бақылау сервисі.

«Бұл сервисте кез келген пайдаланушы бір батырманы басу арқылы біздің дерекқорға жылдамдық туралы деректерді тіркей алады. Бұл бізге белгілі бір аймақтағы деректерді берудің жылдамдығы мен координаттарын береді. Тиісінше, осы деректердің барлығын жинап, республикадағы жағдайды бақылап отырмыз. Сервис осылай жұмыс істейтін болса, біз арнайы құрылғыларымен әлсіз сигналды түзету мен айыппұл салу құқығы бар контролерлерімізді қайда жіберу керегін білеміз. Бұл сіздердің шағымдарыңызға жауап беруге мүмкіндік береді және ақпарат негізінде мәселені жою бойынша жоспарлы жұмыс жүргізе аламыз», - деп түсіндірді Б. Мусин.

Сонымен бірге, спикер реттеуші рөлін одан әрі күшейту қажеттігін атап өтті.

«Пандемия мұны қадағалаусыз қалдырмау қажеттігін көрсетті. Бақылауды күшейту үшін интернет сапасына қойылатын талаптарды күшейтеміз. Сондай-ақ, радиожиіліктерді бөлу стандарттары бойынша да жұмыс жүргізілуде. Бұл бізге латафундизммен күресуге көмектеседі. Үшінші ұсыныс – айыппұл мөлшерін арттыру. Төртінші – тұрғын үй кешендерін оптикалық арналарсыз пайдалануға беруге тыйым салынады. Мұны инфрақұрылымдық даму министрлігіне ұсындық және келісе алдық», - деді Бағдат Мусин.


Жоғары қарай