Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ішкі нарықты негізгі тамақ өнімдерімен қамту жоспары бір ай ішінде бекітіледі - АШМ

2020 жылдың 6 қазан 2020 16:48

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ішкі нарықты негізгі тамақ өнімдерімен толықтай қамту жоспарының мерзімін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Келесі «бесжылдыққа» арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеу керек. Оның негізгі міндеті – ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамту. Бұл мәселе бойынша 2023 жылдың соңына қарай ішкі нарықты негізгі тамақ өнімдерімен толықтай молықтыруға мүмкіндік беретін негізгі тәсілдемелер айқындалғанын атап өткім келеді. Бұл шаралар бүгін Үкімет отырысында таныстырылды. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша ішкі нарықты азық-түлік өнімдерімен молықтыру жөніндегі кешенді жоспардың жобасы бір ай мерзімде мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп, Үкіметке бекітуге енгізіледі», - деді Сапархан Омаров ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, кешенді жоспардың көмегімен ауылдардағы 1 млн тұрғынның табысын, сондай-ақ еңбек өнімділігін 2,5 есе арттырып, өңделген агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын 2 есеге ұлғайту көзделген.

«Бұл міндеттерді іске асыру үшін қолжетімді қаржыландыру, жер қатынастары, аграрлық ғылымды дамыту, саланы цифрландыру, ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ шикізаттың ғана емес, оның өңделген өнімдерінің де экспорттық әлеуетін дамыту мәселелері пысықталады. Осы бағдарламалық құжатты әзірлеуге беделді Халықаралық азық-түлік ұйымы (ФАО) тартылды. Ол БҰҰ Орнықты даму мақсаттарында көзделген азық-түлікті тұрақты өндіру және ауыл шаруашылығын жүргізу қағидаттары мен тәсілдемелеріне сүйенуді ұсынады», - деді ол.

Қазіргі уақытта жұмыс тобы құрылып, оның құрамына «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, салалық қауымдастықтар мен одақтардың, аграрлық ғылымның өкілдері, сондай-ақ облыстар әкімдерінің орынбасарлары енген.

Негізгі құжат – Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасы әзірленгеннен кейін жұмыс тобының құрамы кеңейтіліп, кеңінен талқылау жүргізіледі.


Жоғары қарай