Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Іскер әрі ісмер әйелдерге арналған «Алтын оймақ» конкурсы өтіп жатыр

2019 жылдың 20 қыркүйек 2019 18:04

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен «Алтын оймақ» атты іскер әйелдер конкурсының екінші кезеңі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанованың айтуына қарағанда, аталмыш конкурс отандық дизайн өнерін дамытуға бағытталған.

«Қазақстан халқының 52 пайызы - нәзік жандар. Қазақстан өте жас мемлекет саналады. Тұрғындарының орташа жасы – 25 жас. 2017-2019 жылдар аралығында елде 500 200 әйел бизнестің әліппесін үйренсе, соның 46 пайызы сервис саласына маманданған. «Бизнес бастау» бойынша оқыған азаматтардың 42 пайызы - әйелдер. Іскерлік саласында жүрген әйелдер тарапынан өнімін өткізетін нарық жоқтығы туралы шағымдар көп айтылады. Сол мәселені шешу үшін жаңа жобаны қолға алдық. Оған техникалық қолдауды Азия даму банкінен тарттық. Дүниежүзілік банк те қолдау көрсетіп отыр. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аясында қолға алынған «Алтын оймақ» атты жаңа жоба – соның алғашқы жемісі. Жеңіл өнеркәсіптің 90 пайызында әйелдер еңбек етеді. Басқарушылары да, қарапайым жұмысшылары да - нәзік жандар. 4 наурыздан бері Қазақстан аумағындағы 600-ден астам кәсіпорынды аралап, өзінің алғашқы мамандығын бизнеске айналдырғысы келетін адамдарды таптық»», - дейді ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның өкілі.

Жоба аясында дизайнерлік конкурс ұйымдастырылып жатқан көрінеді.

«Олар өмірдің әр сәтінде киюге қажет киім үлгілерін дайындап, сайысады. Басты шарт – әрлеу жұмыстарында ұлттық ою-өрнек көрініс табуы керек. Конкурстың алғашқы кезеңіне ғана 90-нан астам бизнес нысаны қатысып, 8-і іріктелді. Екінші кезеңге 97 нысан қатысып жатыр. Жалпы, «Алтын оймақ» жобасына жеңіл өнеркәсіп саласындағы 1500 бизнес нысаны қамтылған. Яғни, өзара байланыс орнату арқылы өз өнімдерін өткізетін нарықты сол ортадан табуға мүмкіндік алады деген сөз. Біз бұл тәжірибені Түркиядан алдық», - деді Ләззат Рамазанова.


Жоғары қарай