Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Изолятордағы кісі өлімі: Шымкентте полицияның лауазымды тұлғаларына қылмыстық іс қозғалды

2021 жылдың 11 желтоқсан 2021 15:38

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат- Шымкентте полиция бөліміндегі күдіктінің өліміне байланысты полицияның лауазымды тұлғаларына қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайында Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов Facebook парақшасында жазды.

«Ұсталғандардың автокөлігінен көлік ашуға арналған техникалық құралдар, радиостанциялар, маңдайшамдар мен қолғаптар табылып, тәркіленді. Күдіктілерді ұстау кезінде полиция қызметкерлері дене күшін қолданған. Күдіктінің біреуі ғимаратта өзін нашар сезініп, жедел жәрдем келген уақытта медицина қызметкерлері оның қайтыс болғанын нақтылаған»,-деді Е.Жумаханбетов.

Сондай-ақ, полицияның лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалып, объективтілік мақсатында арнайы прокурорлар департаменті тергеп жатқандығын жеткізді.

«Осы факті бойынша жүргізілген қызметтік тергеу ұстауға қатысқан қызметкерлер және олардың іс-әрекетіне бақылауды қамтамасыз етпеген басшылары ішкі істер органдарынан шығарылды. Сонымен қатар, олардың қылмыстық істі тергеу шеңберіндегі іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі»,-деді ол.

Істің бүкіл мән-жайын анықтау үшін Шымкент қаласына ІІМ-нен министрдің орынбасары бастаған комиссия келді.

Айта кетейік, Шымкент қаласында автокөлік құралдарын ұрлады деген күдікпен ұсталған 1990 жылғы азамат полиция бөлімінде көз жұмған болатын.


Жоғары қарай