Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қалаған емханаңа тіркелу жайында ең жиі қойылатын 7 сұраққа жауап

2021 жылдың 19 қыркүйек 2021 10:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 15 қыркүйектен бастап Қазақстанда амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдарға еркін тіркелу науқаны басталды. Медициналық сақтандыру қоры ең көп таралған сұрақтарға жауап дайындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тіркелуге қабылданған өтініш қанша уақыт ішінде қаралады?

Азамат электрондық үкімет порталы арқылы бекітуге өтінім берген кезде бекіту немесе бекітуден дәлелді бас тарту 1 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Неліктен үйге жақын емханаға тіркелу маңызды?

Біріншіден, бұл үйіңіз бен емхананың ортасында 15-20 минуттық жая жүруге болатындай қашықтықтағы медициналық көмекке қолжеткізу.

Екіншіден, үйде көмек алу, соның ішінде қажет болған жағдайда дәрігерді немесе мобильді бригаданы шақыру мүмкіндігі.

Барлық емханалар аумақтық қағидат бойынша жұмыс істейді және пациент емхананың қызмет көрсету аумағында тұрған кезде ғана үйде медициналық көмек көрсетіледі.

Мен бір уақытта бірнеше емханаға тіркеле аламын ба?

Сіздің тек бір емханаға тіркелу мүмкіндігіңіз бар, өйткені бекіту сіздің ЖСН жеке нөміріңіз бойынша жасалады. Ал, сізді бұрынғы емханадан босату автоматты түрде жүзеге асырылады.

Егер мен тіркеу науқаны кезінде өтініш бермеген болсам не болады?

Бұндай жағдайда сіз бұрын өзіңізге қызмет көрсетілген емханада тіркелген болып қаласыз.

Аталған науқан кезінде мен басқа емханаға тіркелуге өтініш бердім, ол жерде медициналық көмекті қай уақыттан бастап алуға болады?

Келесі жылдың 1- қаңтарынан бастап аласыз. Ағымдағы жылдың соңына дейін сіз өзіңізге бұрын қызмет көрсетілген емханада медициналық көмек алуды жалғастыратын боласыз.

Қандай жағдайларда мені емханаға тіркеуден бас тартуы мүмкін?

- Жалған ақпарат ұсынған уақытта;

- Пациенттің нақты тұру мекені емхананың қызмет көрсету аймағынан тыс жерде орналасқаны анықталған кезде;

- Бекітілген халық саны жалпы практика дәрігеріне 1,7 мың адамнан, учаскелік педиатрға 0-ден 6 жасқа дейінгі 500 баладан, 0-ден 14 жасқа дейінгі 900 баладан асқан кезде;

- Тіркелген тұлғаның заңды өкілдігін растайтын құжат болмаған кезде.

Емханаға бекітілу қандай НҚА бойынша реттеледі?

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылдың 13-қарашасындағы № ҚР ДСМ-194/2020 «Жеке тұлғаларды МСАК ұйымдарына тіркеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен реттеледі.


Жоғары қарай