Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Калифорниядағы қазақ студенті: Дамыған елдің қоғамында да өзіне лайық проблемалар баршылық

2020 жылдың 21 маусым 2020 16:24

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – АҚШ-тың Оңтүстік Калифорния университетінде педагогика мамандығы бойынша докторантурада оқып жатқан Әліпбай Биболмен сұхбаттасқан едік. Әліпбай Бибол өзі тұратын шаттатың әлеуметтік жағдайы, адамдардың ғылым-білімге деген көзқарасы, сондай-ақ қазіргі әлемдік пандемия кезеңіндегі карантин жағдайы секілді көптеген маңызды мәселелермен ой бөліскен болатын.

- Бибол, қазір «Болашақ» бағдарламасымен Оңтүстік Калифорния университетінде докторантурада оқып жатыр екенсіз. Негізгі мамандығыңыз - ағылшын тілі. Біз секілді көпшілік үшін күрделі мамандық көрінетіндіктен, сұрақты ағылшын тілін қалай үйрендіңіз және «Болашақ» бағдарламасымен оқуға қалай түстіңіз дегеннен бастасақ...

- Ағылшын тілін орта мектептен бастап үйрендім. Сол бала кезден болашақ мамандығымды ағылшын тілімен тығыз байланыстырдым. 2006 жылы Алматыдағы Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне ағылшын тілі мамандығы бойынша оқуға түстім. Магистратураны бітіргеннен кейін ағылшын тілі мұғалімі болып жұмыс істедім. 6-7 жыл жұмыс істегеннен кейін білімімнің шектеулі екенін түсініп, оқуды жалғастырамын деп шештім. «Болашақ» бағдарламасына ертеден қызығып жүретінмін. Құжаттарымды тапсырмас бұрын мен шетелдік оқу орнына онлайн түрде өтініш беріп, оқуға түстім. Оқу орнынан шақырту алғаннан кейін «Болашаққа» бардым.

«Болашақтың» талаптары да жоғары болды. Ағылшын тілі маманы болғандықтан шет тіліне қойылатын талаптан оңай өттім. Қазақ тілі сынағы да мен үшін қиын болмады. Тілден басқа психологиялық тестілеу, бетпе-бет сұхбат сияқты бірнеше басқыштан тұратын іріктеуден өттім. Іріктеу кезеңі соңғы республикалық комиссияның шешімі шыққан уақытқа дейін 3 айға созылды.

Шешім шыққаннан кейін оқуға бара қоям деп ойламау керек, себебі арада тағы сіздің қайтып келіп Қазақстан үшін қызмет етуіңізге кепіл болатын екі жақты келісімшартқа қол қою керек болады. Бұл да бір-екі аптаны алатын жұмыс. Дегенмен менде бәрі сәтті болды. Былтыр тамыздың ортасында АҚШ-қа ұшып кеттім.

- Қазір қазақстандық жастар арасында шетелге шығып оқығысы келетіндер басым сияқты. Ондай отандастарыңызға айтар кеңесіңізді білсек.

- Шетелге шығып оқимын деген жастарды қос қолдап құптаймын. Менің байқағаным АҚШ, Еуропа елдерінде гранттар өте көп. Тек бұл гранттар жаратылыстану пәндеріне көп бөлінеді, ал гуманитарлық пәндерден грант табу қиындау. Мен қазір педагогика мамандығын оқып жатырмын. Бұл салада шетелдіктерге берілетін грант аз, сондықтан да мен «Болашақпен» келдім. Егер шетелдік гранттарды жеңіп алғым келеді десеңіздер онда ағылшын тілінен басқа жаратылыс пәндерді жақсы оқығандарыңыз жөн. Мысалы АҚШ-та соңғы жылдары STEM (Ғылым, технология, инженерия және математика) мамандықтарына өте көп гранттар бөлініп жатыр. Қазақстандық жастар өте талантты. Олардың бұл гранттарды жеңіп алуы қиынға соқпайды деп ойлаймын.

- Қазақстан мен АҚШ-тың ЖОО-ы арасындағы өзгешеліктерді айтып берсеңіз. Қандай ұқсастық және ұқсамастық бар?

- Маған ең анық байқалғаны инфрақұрылым жағы. АҚШ университеттерінде оқу мен зерттеуге барлық жағдай жасалған. Бір ғана кітапхананы алып айтайық. Біз оқыған университеттің өзінде 4-5 кітапхана бар. Бұдан басқа түрлі ғылыми журналдардың электронды нұсқаларын да кітапхананың қорынан табуға болады. Және де, университет халықаралық деректер қорымен, Jstore сияқты түрлі журналдар, жарияланымдар базасымен байланыс орнатқан. Мен жобалар жазғанда, тапсырма орындағанда түрлі әдебиеттерді қарау керек болады. Сол кезде үйден шықпай-ақ бар материалды университеттің порталы арқылы тауып аламын.





Қазақстан осы жағынан көп күш салса екен деймін. Мен қызметтегі кезімде университет бізге ғылыми мақала жазып жариялауды жиі айтатын. Бірақ, бізде жоғарыда айтылғандай ғылымға инфрақұрылым жасалмаған. Сондықтан қиналатынбыз.

Адами капитал жағынан Қазақстан еш елден кем емес деп білемін. Тек сол білімді адамдар өз орнын таппай, білгенін ысырап етіп жүр. Ғылым мен білімге жоғары деңгейде көңіл бөлінсе, дұрыс ұйымдастырылса қазақ ғылымы 5-10 жылда шарықтап шыға келетініне күмәнім жоқ.





- Сіз қазір өмір сүріп жатқан өңірдің (штаттың) әлеуметтік жағдайы қалай? Егер жақсы болса адамдардың көңіл-күйі де көтеріңкі шығар. Сонымен қатар, адамдардың білім алуға, ғылымға деген көзқарасы туралы айта кетсеңіз...

- Мен Калифорния штатында тұрамын. Бұл АҚШ-тың ең бай штаттарының бірі. Дегенмен бұнда кедейлер де көп. Лос-Анджелес қаласында үйсіз-күйсіз жүрген адамдар өте көп. Шетелден келген мигранттар да ең жиі шоғырланған. Сондықтан байлары өте бай, ал кедейлері тым кедей тұрады. Жалпы АҚШ халқы білім мен ғылымды өте жоғары бағалайды. ЖОО-да оқу ақылы болса да көп адам оқуға түскісі келеді. Себебі білімді адам ғана жақсы еңбекақы алып, жақсы өмір сүреді. Жоғары білімі бар адамдар басқаларға қарағанда едәуір жоғары табыс табатыны түрлі статистикаларда дәлелденген. Ал адамдардың көңіл-күйіне байланысты айтар болсақ, әр адамның өз алдына бас ауыртатын түрлі проблемалары болады, сондықтан кімнің қуанышты, кімнің жабырқау екенін айтудың өзі қиын.

Қазіргі күні болып жатқан толқулар халықтың көңіл-күйіне қалай әсер етті?

Осы жолғы ереуілдер мен заң бұзушылықтар АҚШ қоғамындағы бай мен кедей, ақ нәсілдер мен басқа топтар арасындағы қалыптасқан біраз теңсіздікті көрсеткендей. Әрине, бұндай теңсіздік халықтың көңіл-күйіне тікелей әсер ететіні белгілі. Өз басым бай мемлекетте халықтың бәрі көңілді өмір сүреді дегенге сенбеймін. Мейлі бай болсын, кедей болсын, әркім өз қотырын өзі қасып күн көреді. Мүмкін Қазақстан сияқты дамушы елдің халқына батыс елдеріндегі өмір сондай тамаша, көңілді көрінетін шығар, бірақ бұл жақта да халықтың жүйкесін жұқартатын проблемалар жеткілікті.

- Ендігі сұрақты күллі әлемге өзекті мәселе болып тұрған коронавирус жайынан қойсақ. Сіз тұратын қала Лос-Анджелесте, Калифорния штатындағы жағдай (вирустың таралуы) қалай? Ондағылар вирустан қалай сақтанады? Сіз тұрған қалада, штатта төтенше жағдай режимі немесе карантин шарасы болды ма? Егер бұндай шаралар қабылданған болса, халықтың әлеуметтік, экономикалық жағдайына әсері қаншалықты болды?

- Карантин шарасы вирус өрши бастаған наурыз, сәуір айларында енгізілген. Дегенмен Қазақстандағыдай барлық адам үйден шықпау керек деген қатаң шара, төтенше жағдай болмады. Карантин кезінде АҚШ азаматтары мен осында тұрақты жұмыс істеп салық төлеген шетелдіктерге де ай сайын 2000 доллар қаражат берілді. Себебі көп орындар жабылып адамдар жұмыссыз қалды. Әрине қазақстандықтарға 2000 доллар көп көрінетін шығар, бірақ ол мына жақта түк те емес. Себебі бұл жақта орташа еңбекақы шамамен 4500 доллар. Сондықтан да салыстырмалы түрде алсақ, бұл америкалықтар үшін тым аз. Ай сайын еңбекақының жартысына жетпейтін ақшаға көп адам ұзақ өмір сүре алмайды да. Сондықтан да карантинді жеңілдетіп халықты жұмысына жіберу керек болды.

Мамыр айына қарай карантин шаралары жеңілдетілді. Экономика да біртіндеп қалпына келе бастады. Көп орындар қайтадан жұмысын бастады. Ресторан, кафелер де ашылды. Тек онда отырып тамақтануға болмайды.

Қазіргі жағдай бойынша АҚШ-тағы жұмыссыздық 13%-дан асып кеткен. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Енді экономика оңалып кетсе жұмыссыздық та біртіндеп азаяды деген сенім бар.





- Сіз тұратын қалада қазақстандықтар бар ма? Өзіңіз елге қашан ораласыз?

- Мен бұл жақта оқып жүрген және қызмет істеп жүрген қазақтарды кездестірдім. Мұндағы қандастар өте еңбекқор, студенттер де сабағын жақсы оқып жүр.

Менің оқуым 2022 жылдың жазында аяқталады. Сол кезде диплом алып елге қайтамын деп жоспарлап отырмын.

- АҚШ немесе америкалықтар қандай құндықтарымен таң қалдырады?

- Бұрын түрлі ақпарат көздерінен АҚШ-та индивидуализм қатты дамыған деп оқығанмын. Алайда қазіргі АҚШ қоғамы командалық рухты, селбесе жұмыс жасау моралін өте жоғары бағалайтын қоғам екенін байқадым. Бұл мен үшін таңқаларлық жайт болды.

Тағы бір жағдай: қазіргі көп қазақстандықтар ойлайтыны сияқты мен де дамыған елде адамдардың барлығы өте бақытты, қуанышты өмір сүреді деп ойлайтынмын. Ал шындығында дамыған елдің қоғамында да өзіне лайық проблемалар жетерлік екен. Қазақтың «қайда барсаң да қазанның құлағы төртеу» деген мақалы осындай жағдайға дәл айтылған сияқты.

- Олардың бізге қарағанда кемшін тұстары бар деп айта аласыз ба? Ол жақтағы адамдарды не нәрсе көбірек толғандырады?

- Тамақтану жағын айтар ем. Себебі бұнда адамдардың барлығы жұмысбасты. Тамаққа көп уақытын жұмсағысы келмейді. Сондықтан жылдам дайындалатын фастфудты тым көп тұтынады. Адамның жұмыс істеп ақша табуы сол жақсы тамақтанып, жақсы өмір сүру үшін емес пе? Ал жұмыс үшін тамақ ләззатын құрбан етсеңіз онда жұмысыңыздан не пайда?

Менің төңірегімдегі адамдарды көбірек толғандыратын ол АҚШ-тағы нәсілшілдік мәселесі. Оның қандай жағдайда екенін жаңалықтардан да көріп жатқан боларсыздар. Нәсілшілдік пен бай-кедей теңсіздігі араласып қоғамға ауыр дерт болып тұр. Дегенмен адамдар бұл істі ашық талқылайды, шешу жолдарын да өздері бірлесіп іздейді. Міне, осының өзі жетілген қоғамның бейнесі деп ойлаймын.

- Алтындай уақытыңызды қиып, сұрақтарыма жауап бергеніңізге рақмет!


Жоғары қарай