Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қамсыз, қарекетсіз қалмайық -  сенатор Нұртөре Жүсіп

2020 жылдың 13 шілде 2020 13:09

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өз денсаулығымызды, жақындарымыздың денсаулығын ойласақ, қамсыз, қарекетсіз отырмауға тиіспіз. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде 13 шілде - Ұлттық аза тұту күні деп жариялаған болатын. Бүгін түнде Қазақстанның барлық қаласында мемлекеттік тулар түсірілді. Нұр-Сұлтан уақытымен 12:00-де елде бір минуттық үнсіздік жарияланды. Қатерлі дерттен қайтыс болған азаматтардың рухына тағзым жасалды. Елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны 59 мыңнан асып, оның ішінде 375 адам қайтыс болғаны анықталды. Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Қайғыдан қан жұтып, қара жамылған әулеттерге қайғысына ортақтасып көңіл айтамын«, - деді Нұртөре Жүсіп.

Сенатор мұның алдында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген жиынын өткізгенін, Үкіметтің жұмысын және салалық ведомстволардың жұмысын қатаң сынға алғанын баса айтты.

»Жағдайдың өте күрделі сипат алғаны белгілі. Президент елдің көкейінде жүрген сөздерді ашық айтты. Дұрыс. Жағдайды ашық айту керек. Шындықты жасырмау қажет. Бұл тұрғыдан алғанда Президент осының алдында жасаған телевизиялық Үндеуінде және бүгінгі жиында ештеңені жасырып, жаба тоқып, мәселеден сырт айналып кеткен жоқ. «Қалыптасқан ахуал екі аптадан кейін жақсарады деп үміттенемін. Олай болмаған жағдайда, жалпы Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайды», - деп Үкімет мүшелеріне қатаң ескерту жасады«, - деді ол.

Осы орайда Нұртөре Жүсіп төрт-бес мәселені ортаға салды.

»Бірінші, елді қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. «Дәріханаларда дәрі-дәрмек толып тұр» деген ақпарат бар. Ол неге елге жетпейді? Әр облыс халқына қажет дәрі-дәрмекті дереу жеткізудің не қиындығы бар? Дәрі-дәрмек тапшылығын қолдан туғызып отырғандар болса, дереу анықтап, жазалау қажет. Екінші, жекелеген азаматтар өз қаржысына дем алдыратын аппарат алдыртып жатыр. Осы жабдықтарды кедендік рәсімдеу, жедел қажетті аймақтарға жеткізу ісінде үйлесімді әрекет жоқ. Қазір әр минут қымбат. Шабандық жіберген сайын адам шығыны көбейе бермек. Үшінші, Президент «Біз жұмыстың тәсілдерін үнемі өзгерте береміз. Бұрынғы басшылық аяқ астынан науқастарды симптомды және симптомсыз деп бөлу керек деп шешті. Қазір бұл әдістемеден бас тарттық. Міне осындай әрекеттер халық арасында күмән туғызады», - деді. Жұмыс тәсілдерін өзгерте беруден опа таппаймыз. Барды бар, жоқты жоқ деп айтудың қаншалық қиындығы бар екенін түсінбеймін. Осы ретте қашықтан жұмыс істеуге жіберілген, шағын және орта бизнесі тоқтап қалған, күнкөріс жағдайы қиындаған азаматтарды есепке алып, мемлекет тарапынан тиісті қолдау шараларын жасау қажет деп білемін«, - деді сенатор.

Ол төртіншіден балалардың білім алу мәселесіне тоқталды.

»Оқу қандай жағдайда жүреді? Министрлік ұсынып отырған үш нұсқаның ең тиімдісі қайсы? Осы мәселеде де анық ақпарат қажет. Ата-аналар балаларын мектепке дайындау ісінде мемлекет тарапынан нақты жауаптар күтеді. Оқулықпен қамту ісі де назарда болуы тиіс. Бесінші, жаз ілезде өтеді. Күз келеді. Қыс келеді. Қысқа дайындықты қазірден бастау қажет. Жаз мезгілінде піскен жеміс-жидектен тосап қайнату, дәрілік шөптерді жинау, құрамында дәрумен мол азық-түлік қорын жасау да кезек күттірмейтін шаруалар. Ашығын айту керек, халық түрлі қиындықпен бетпе-бет қалды. Әр азамат, әр отбасы, әр әулет амандықтың қамын жасамаса болмайды. Өз денсаулығымызды, жақындарымыздың денсаулығын ойласақ, қамсыз, қарекетсіз отырмауға тиіспіз. Қатерлі індеттен құтылудың барлық шарасын жасау қажет. Онсыз ат төбеліндей халқымыздың басы қатерге тігіледі. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!«, - деді Нұртөре Жүсіп.


Жоғары қарай