Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қандастар қонысы арқасында Ольгино ауылында қазақ мектебі ашылды – Болат Жұмаділұлы

2020 жылдың 25 қазан 2020 09:11

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 4-отырысында көші-қон тақырыбына арнайы тоқталған еді. Президент шетелде туып-өскен қазақтардың барлығы тарихи отанын мақтан тұтатынын, олардың елге келіп орнығуына барынша жағдай жасау керектігіне назар аударды.

Әсіресе елді жұмыс күші тапшы солтүстік өңірлерге қоныстандырудың маңызы зор екендігін атап өтті. «Отанына оралған қандастарды үймен қамтамасыз ету мәселесі толық шешімін тапқан жоқ. Олардың тек бір жылға берілетін қандас мәртебесінің мерзімі біткенше ғана үй алуға мүмкіндігі бар. Ал азаматтыққа ие болған соң бұл мәртебесі жойылып, сонымен бірге үй алу құқығынан да бірден айырылады. Осыған орай азаматтық алған қандастарымыз солтүстік өңірге көшсе, Үкімет олардың үй кезегінің сақталуын қамтамасыз етуі керек. Бұл шара қандастардың осындай жұмыс қолы тапшы аймақтарға көшіп баруына қосымша серпін береді», - деді Мемлекет басшысы. Шындығында, бұл шешім демографиялық өсімі баяу аймақтарға қандастарды қоныстандырудың тиімді тетігі. Қандастар ғана емес, Президент демография проблемасы мен тиімді қоныстандыру саясаты үшін оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушыларды ынталандыратын қосымша шара ретінде оларға берілетін жәрдемақының мөлшерін 2 есеге көбейтуді тапсырды.

Тоқтала кететін жайт, еліміз тәуелсіздік алғалы ата жұртқа ағылған көш қазақтың санын миллионнан астам адамға толықтырды. Бұл - ұлтымыздың ұлы жетістігі! Өйткені, кез-келген мемлекет үшін басты құндылық – халық. Бұл миллиондар мұнаймен де, тонналаған темірмен де салыстыруға еш келмейтін кемел қазына. Мұндай баға жетпес қазына тәуелсіздіктің ширек ғасыры ішінде еселенді. Ендігі күні Отанына оралатын қандастарға жасалатын жағдайды жақсарта отырып, мемлекеттік көші-қон саясатын да оңтайландыру күшейетіні сезіледі.

Осы орайда, Павлодар облысының Успен ауданына қарасты Ольгино аулына қандастар арасынан алғашқы болып көшіп барып, туған жеріндей сіңісіп ауылдың өркендеуіне сонымен бірге мемлекет қолған алған еңбек ресурстарының теңгерімділігін арттыру және республиканың солтүстік өңірлеріне халықты қоныстандыру сынды үлкен жобаға үнсіз үлес қосып келе жатқан Болат Жұмаділұлы туралы айтқымыз келеді.





Болат Жұмаділұлы 1958 жылы Қытайдағы Шынжаңның Тарбағатай аймағына қарасты Дөрбілжін ауданында дүниеге келген. «Ауыл қыстақ экономикасын басқару» мамандығы бойынша жоғары білім иесі. Бірнеше мәрте облысық «Үздік қызметкер» атағын алған.

Болат Жұмаділұлы 2004 жылы отбасын алып, қазақ еліне біржола қоныс аударады. Ұзақ жылдарғы тәжірибесіне сүйеніп, нәсібін ауылдан іздеген қандасымыз Павлодар облысының орыстар көп қоныстанған Ольгино аулына көшіп барып, «Болаттар» шаруа қожалығының негізін қалайды. Мал өсіріп, егін салып еңбегімен кәсібін дөңгелеткен азамат бұл күнде 20-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Менің негізгі бағытым ауыл шаруашылығы болды. Ата кәсібімізді қолға алып, асыл тұқымды сиыр өсірдім, жылқы өсірдім, қазақтың «Еділбай» тұқымды қойын бағып, оның жалпыласуына біраз еңбек еттім. «Ауылда жұмыс жоқ» дегенді көп естимін, негізі ерінбей еңбек еткен адамға ауылда көптеген мүмкіндіктер бар. Ауыл шаруашығын дамыту - ел экономикасының негізі деп білемін. Халқымыздың қарны тоқ болсын десек, ауыл шаруашылғына мән беруіміз, жастарды ауылға тартуымыз, егінді, малды өсіруге жетелеуіміз керек. Дәстүрлі мал бағу үдерісін жаңа заманға бейімдеп, ғылым-техниканы пайдалана білу мал шаруашылығына жаңа серпін береді», дейді ол .





Ерекше айта кетерлігі, Болат Жұмаділұлының өзі тұғындары қалаға көшіп, адам саны кеміп жойылуға шақ тұрған Ольгино аулына ел қондыруға мұрындық болыпты. Ел қондырып, қазақы ауылдың ауқымы кеңіген.

«Біз бұл ауылға көшіп келгенде қазақша сөйлейтін адамдарды кездестіре алмай қиналатын едік. Ауылда адамдар аз, қазақ тілінде оқытатын мектеп те болмады. Біртіндеп осы ауылға қандастарды шақыра бастадым. Олардың үй алуына, орналасуына көмектестім. Алғашқылардың жағдайы дұрысталғасын, көшіп келуге ниет білдіргендер көбейе бастады. Бірінші жылы 3 отбасын, келесі жылы 12 отбасын көшіріп әкелдім. Бүгінге дейін 60 тан астам қандасымыз осы ауылға қоныс тепті», - дейді Болат Жұмаділұлы.

Ольгино аулына қандастардың келуімен бірге ауылда қазақ тілді орта қалыптасып, ауылда алғашқы қазақ тілді мектептің негізі қаланыпты.

«Балаларымыздың қазақ тілінде білім алуын талап еттік. Алғашында қазақ тілінде бірінші сынып ашып берді. Келесі жылы екінші сыныпты қосты. Бұл күнде 11 сыныпқа дейін толық қанды қазақ тілді мектеп қалыптасты. Біз өзіміз қолдап аштырған соң, мектептің жұмыстарына экономикалық жағынан да көмектесіп келеміз. Атап айтар болсам, төменгі сыныптың жыл бойғы ыстық тамағын «Болаттар» шаруа қожалығы атынан қаржыландырып келемін. Сонымен бірге жыл сайын 10-нан астам оқушының мектепке қажетті құрал-жабдық, киім-кешектерін сатып алып беріп отырамын. 5 жылдан бері аулымыздағы «Мұрагер» медресесінің көмірін және сонда оқитын шәкірттердің тамақтарын өзім қаржыландырып келемін», -дейді қандасымыз.

Қарапайым ауылдың экономикасына, руханиятын үнсіз үлес қосып жатқан қандасмыздың әңгімесі жүректі жылытады. Әсіресе кеңес заманынан қалыптасқан орыс тілді ауылға қазақы қан жүгіртіп, ұлттық салт-дәстүріміздің жаңғыруына күш салу үлкен ерлік деп бағалаған жөн болар.

«Қазір жыл сайын әкімдікпен бірлесіп, Наурыз мерекесін тойлап, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіп тұрамыз. Өткен жылы аулымызға Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында ұйымдастырылған облыстық өнер керуені келді. Өнер керуенінің осында ат басын тіреуінің бір себебі - Ольгино ауылындағы салт-дәстүрімізді жаңғыртып отырған қандастарымыздың құрметі еді. Шара аясында, жұртшылыққа қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, айтыс, қыз қуу, қазақ күресі секілді ұлттық өнерлеріміз көрсетілді. Ең әуелі алыстан келген қонақтардың алдынан қымыз алып шығып, күтіп алдық. Сондай-ақ, ата-әжелер ұмытылып бара жатқан би түрлерін билеп, елді қуанышқа бөледі. Бұндай мәдени шаралар жұртшылыққа осындағы қоныстанған қандастарымыздың жай-күйінен хабардар етіп, көшіп келгісі келетін отандастарымызға жол ашады деп ойлаймын», - дейді Болат Жұмаділұлы.

Елдегі, ауылдағы әр-бір ауыртпашылыққа бей-жай қарай алмайтын азамат коронавирус ықпалынан болған карантин қарсаңында жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын созып, азық-түлік жағынан да көмектесіп отырыпты. Сонымен бірге Успен аудандық емханаға 4 жасанды тыныс алу аппаратын сыйға тартыпты.









«Бәріміздің тағдырымыз осы елмен, осы жермен бірге. Әрбір ауылдасымның денсаулығы мені алаңдатады. Әсіресе осы реткі әлемді жаулаған коронавирус бізге тағдырымыздың бір-бірімзге байлаулы екендігін ескертті, бірігіп күресуге үйретті. Сол үшін азда болса аудандық емханаға өз көмегімді жасадым. Ауа жетпей қиналып жатқан адамдарға бір жұтым болсада ауа сыйлағым келді. Бұл аты жаман ауру тезірек елімізден, әлемнен біржола жоғалса екен», -дейді іскер азамат.

Болат Жұмаділұлы бұл күнде 4 бала тарбиелеп, ұл қыздарынан 13 немере сүйіп отыр. Бұл - елге келіп еңбек етіп, өсіп-өніп өркен жайып келе жатқан ауылдағы қарапайым қандастарымыздың жарқын үлгісі.





Шын мәнінде, жасампаз қазақ халқы қаншама ауыр болса да, нарықтық тіршілік жүйесіне тез бейімделді. Бұнда айтпай кетуге болмайтын аса маңызды бір фактор - нарықтық қатынастар әлдеқашан орнаған елдерден, мәселен Еуропа, Түркия және Қытай елдерінен келген қандастарымыз экономиканың қалыптасуына өз үлесін қосты. Орта және шағын бизнес орындарын ашты, мыңғыртып мал бағып, жайқалтып егін екті. Қызмет көрсету саласында да Қазақстанға келген майталман мамандар жетіп артылады. Маселен әлеуметтік тамақтандыру орындары мен шаштараз және сұлулық салондарында елге оралған қандастарымыздың қомақты бөлігі еңбек етеді. Ал өндіруші кәсіпорындар ашып, отандық тауарлар өндіруге атсалысып, отандық өнімге серпін беріп жатқан кәсіпкерлер қаншама? Бүгінде өз жұмыстарын дөңгелетіп, ел қазынасына миллиондаған салық тапсырып, сан мыңдаған адамға жұмыс беріп отыр.



Жоғары қарай