Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қандасымыз Баян Жалынқызы Бейжің Олимпиадасында бақ сынайды – Шетелдегі қазақ баспасөзі

2021 жылдың 19 желтоқсан 2021 11:53

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шет мемлекеттерде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қандасымыз Баян Жалынқызы Бейжің қысқы Олимпиадасында бақ сынайды – Шыңжан газеті

Шаңғы спорты түрлері бойынша Қытай ұлттық құрамасына қабылданған Баян Жалынқызы Бейжің қысқы Олимпиадасында бақ сынайды, деп жазады Шыңжан газеті.

Аталған БАҚ-тың дергінше, қандасымыз Баян 1999 жылы Қытайдың Алтай аймағында туған. Ол Бейжің қаласында өтетін 2022 жылғы XXIV қысқы Олимпиада ойындарында Тау шаңғысы спортынан өнер көрсетеді. Баян 2018 жылдан бастап Норвегия елінде 3 жыл бойы Тау шаңғысы спорты бойынша дайындалып, біліктілігін шыңдаған.




«2018 жылы Норвегия еліне алғаш барған кезде, жергілікті спортшылармен арадағы жарыстарда олардың шалымына да келмедік. Тіптен бапкерлеріміздің жаттығуларына да ілесе алмай жүрдім. Кейін уақыт өте келе осы қыйындықтарды біртіндеп еңсердім. Жаңа ортаға да үйрендім. Спорттық нәтижеміз де, біліктілігіміз де жоғарлады. Осыдан соң көңілімізге сенім ұялады. Мен спорттық шеберлігімді үздіксіз жетілдіруге бар күш-жігерімді жұмсап талаптандым. Ендігі арман, асар асуымыз Бейжің қысқы Олимпиадасында жеңіс жолынан, биік тұғырдан көріну. Сол үшін бар күшімізді салып, бақ сынаймыз», - дейді Баян Жалынқызы.







Қашқарлық кейуана 135 жасында өмірден озды - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Қытайдың Қашқар аймағында тұратын кейуана Алымқан Сейіт 16-шы желтоқсан күні Қашқар қаласында қайтыс болды, деп жазады kazakcnr.com сайты.

Аталған ақпарат көзінің жазуынша, Алымқан Сейіт - Қытайдың Қашқар аймағы Жаңашар ауданы Құмшілік ауылында тұрған. Үш ғасырдың куәсі болған кейуана 1886 жылы 25-ші маусымда туған. Бұл кезең Қытайды маньчжурлар әулеті билеген Чинь патшалығының заманына тура келеді. Ал Алымқан Сейітті 2013 жылы Қытайдың қарттар ұйымы (Геронтология) ең ұзақ жасаған адам деп таныған.




Алымқан Сейіт 1903 жылы 17 жасында Тұрды Розыға тұрмысқа шыққан. Бірақ бала сүйе алмаған ерлі-зайыптылар бір ұл, бір қыз асырап алады. Ұлы 36 жасында ауырып қайтыс болып, көп ұзамай күйеуі Тұрды да мәңгілік сапарға аттанады. Бүгінгі күні Алымқанның сол жалғыз қызы Тәжігүлден тараған 40-қа жуық ұрпағы бар екен. Ал кейуананы Қашқар қаласында тұратын немересі Құрбан Нұр күтім жасап, баққан. Осылайша үш ғасырдың куәсі саналған Алымқан Сейіт 16-ншы желтоқсан күні, 135 жасында осы немересінің үйінде өмірден озған.




Ал кейуананың жүріп-тұруы қиындаған соңғы жылдарға дейінгі күнделікті тіршілік дағдысы қарапайым болған.Таңғы сағат 5-6-да тұрып намазын оқып, 8-де таңғы асын ішкен. Кешкі сағат 10-да ұйықтап демалған. Шай ішкенді ұнатпайды, оның орнына салқын су ішкен. Нан, қоян етін жеп, кеспе, қырыққабат сорпасын ішуді жақсы көрген. көңіл-күйі жайдары, ән айтуға әуес болған. Тіршілігінде егіншілікті кәсіп еткен кейуана қауын, шабдалы және қара өрік сияқты жемістерді жегенді ұнатқан. Сонымен бірге ең сүйікті жемісі - кішкентай, қышқыл жасыл өрік болған.







Еске сала кетейік, өткен жылы ҚазАқпарат А.Сейіттің 134 жасқа толған туған күнін атап өткені туралы ақпарат жазған болатынбыз.

Тәуелсіздік күніне орай Моңғолиядан музыкалық құттықтау жолдады - KAZNEWS

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігі мен Моңғолияны мекендейтін қандастар бірлесіп бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды, деп хабарлайды Моңғолияның Kaznews ақпарат порталы.

«14 желтоқсан күні «Идэр» университетінде Қазақ тілі, әдебиеті және мәдениеті кабинеті ашылды. Жобаны Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігі, «Отандастар» қоры, «Баян-Өлгий аймағының Ұлан-Батырдағы Жерлестер алқасы» үкіметтік емес ұйымы және «Идэр» университеті бірлесіп жүзеге асырды. Ал, 15 желтоқсан күні Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігі «Ел бірлігі» үкіметтік емес ұйымымен бірлесіп Налайх қаласындағы Қазақ мәдени орталығында Тәуелсіздік күніне арналған музыкалық құттықтауды ұйымдастырды. Моңғолдың ұлттық киімін киген домбырашылар тобы қазақтың белгілі композиторларының шығармаларын орындады.




Елші Ж.Әділбаев Налайх қаласындағы қазақ диаспорасының жастарына ерекше құттықтау үшін алғысын айта отырып, домбыраның жай ғана музыкалық аспап емес, оның қасиетті мұра екенін және қазақ халқының өзіндік келбеті бар бренді екенін атап өтті.

Сонымен қатар, 15 желтоқсанда Елшіліктің қолдауымен Моңғолияның Қазақстан Республикасындағы бұрынғы Елшісі Дамдинжав Дашнямның «Еуразияның інжу-маржаны» атты мақаласы моңғол тілінде «Өдрийн сонин» газетінде жарияланды. Мақалада автор Қазақстан туралы алған әсерлерімен бөліседі, тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде жүргізілген реформалар мен халықаралық сахынада қол жеткізген табыстар туралы ойларымен бөліседі», - деп жазды Kaznews.

Өзбек Бақшы өнері ЮНЕСКО тізіміне енді - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Ерекше тарихи-мәдени мұра Бақшылық өнері (жыраулық өнер) ЮНЕСКО тізіміне енді, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитетінің XVI сессиясы аясында Бақшылық өнері Өзбекстанның материалдық емес мәдени мұрасының элементі ретінде адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативті тізіміне енгізілді. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, осы элемент бойынша номинациялар пакетін републиканың ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы дайындап, 2020 жылы ұсынған. Министрліктің хабарлауынша, бұл шешім ЮНЕСКО-ның қолдауымен ұлттық және халықаралық деңгейде Бақшы өнерін сақтау, жаңғырту және насихаттау шараларын одан әрі күшейтуге қызмет етеді», - деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.




Анкарада Алаш арыстарын еске алды – TRT

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Анкарадағы Түрік тарихы мұражайы мен саябағында «Тәуелсіздік жолында Алаш қозғалысы» атты конференция өтті, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Этимесгут муниципалитетінің қолдауымен «Көк Ту» қазақ мәдениeт қоғамы ұйымдастырған ғылыми конференция шейіттерді бір минут үнсіздікпен еске алумен, артынан екі елдің мемлекеттік әнұрандарының орындалуымен басталды. Беташар сөздерден кейін ғалымдар Алаш қозғалысының идеологиясын хронологиялық және тақырыптық тұрғыдан талқылады. Конференцияда Профессор Гүлжанат Құрманғалиева «Алаш идеялары мен қызметі», Профессор Нергис Бірай «Қазақ газеті (1913-1918) және Алаш идеясы», Елдос Тоқтарбай «Алаш автономиясы және таратылғаннан кейінгі қызметі», Профессор Абдуақап Қара «Алаш және Мұстафа Шоқай» атты баяндамаларын оқылды» , - деп жазады TRT.




Тегеранда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекеленді – Фарс

Тегеранның «Парсиан Азади» қонақүйінде Қазақстанның Ирандағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған салтанатты қабылдау өтті, деп хабарлайды Иранның Parstoday ақпарат агенттігі.

«Аталған іс-шараға Иранның бірқатар мемлекеттік органдарының басшылары,Тегеранда тіркелген шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдардың басшылары, ирандық көрнекті қоғам қайраткерлері, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым және қазақ диаспорасының өкілдері – жалпы, 150-ден аса адам қатысты.




Салтанатты қабылдауда Ирандағы ҚР Елшісі А.Оразбай сөз сөйлеп, Қазақстан өз тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде экономикалық реформаларды сәтті жүзеге асырды, нәтижесінде кеңестік үлгідегі жоспарлы экономика әлемдік сауда-экономикалық жүйеге толықтай интеграцияланған еркін нарықтық экономикаға көшті деп атап өтті.

Сонымен қатар, Елші тәуелсіздік жылдары Қазақстанға келген тікелей шетелдік инвестиция 380 млрд. долларға жеткенін, бұл Орталық Азияға тартылған шетелдік инвестициялардың жалпы көлемінің 75%-ынан астамын құрайтынын мәлімдеді.

Елші А.Оразбай сөзінің жалғасында Қазақстанның маңызды жетістіктерінің қатарында ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі қалыптасқанын, көрші мемлекеттермен, соның ішінде Ресеймен және Қытаймен шекара толықтай делимитацияланғанын, сондай-ақ Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қою нәтижесінде теңіз шекараларының делимитацияланғанын атады.

А.Оразбай Қазақстан-Иран қарым-қатынасының дамуы туралы бөлек айта келе, Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап екіжақты қарым-қатынастар әрқашан екіжақты деңгейде де, көпжақты форматта да өзара қолдауға негізделген саяси диалогтың жоғары серпінімен сипатталып келе жатқанын атап өтті.

Екі мемлекеттің арасындағы тауар айналымы 2021 жылдың 9 айында 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,2 есеге өскені атап көрсетілді.




ИИР Үкіметінің атынан қабылдау рәсімінің бас қонағы болған ИИР Ауыл шаруашылығы джиһады министрінің орынбасары М.Ғорбани сөз алып, Қазақстан 30 жыл ішінде саяси, экономикалық, әкімшілік-басқару, ғылыми, технология салаларында айтулы жетістіктерге қол жеткізгенін жоғары бағалады.

Іс-шара бағдарламасының ерекше бөлігі ретінде Тегеран өнер университетінің скрипкашылары қазақтың халық музыкасы мен танымал қазақстандық композиторлардың әуендерін орындады.

Сондай-ақ, іс-шара барысында қонақтар назарына Қазақстанның жетістіктері, Қазақстан-Иран қарым-қатынасының дамуы туралы арнайы фильм, фотокөрме ұсынылып, қазақтың ұлттық тағамдары қойылған мерекелік дастархан жайылды», - деп жазады Parstoday ақпарат агенттігі.


Жоғары қарай