Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қандасымыз Тоғызқұмалақ федерациясының президенті болды  - Шетелдегі қазақ баспасөзіне шолу

2022 жылдың 13 наурыз 2022 11:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Мырза Ұлықбек патшалығы тұсында соғылған мыс теңгелер табылды - «ӨзА»




2022 жылдың 2 наурызында Сұрхандария облысының «Сариосиё» ауданынан өтетін Топаланг өзенінің жағасынан жергілікті тұрғындар мыс теңгелерді тапқан, деп жазады «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.

Аталған БАҚ-тың мәліметіне сүйенсек, 3 наурызда Өзбекстанның Мәдени мұра агенттігі, Мемлекеттік өнер мұражайы, Термез археологиялық мұражайының өкілдері тарапынан жергілікті тұрғындардан 512 мыс теңгені қабылдап алып, Термез қаласындағы археологиялық мұражай қорына тапсырған.

Өзбекстанның прокуратура органдары сала өкілдерімен бірлесіп жүргізген зерттеу барысында өз еркімен қосымша 620 мыс монета мен 1 дана шахмат фигурасы алынып, мұражай қорына өткізілген.

Сонымен қатар, облыстық прокуратура, мәдени мұра басқармасы және археология мұражайы қызметкерлерінен құралған арнайы экспедиция ұйымдастырылып, қазба жұмыстарын жүргізу барысында экспедиция өкілдері тағы да мыс теңгелер тапқан.

«Археологтардың алдын ала қорытындылары бойынша бұл жәдігерлер Мырза Ұлықбек патшалығы тұсында (XV ғ.) соғылған, бүгінгі күнге дейін табылған ең ірі және ең жақсы сақталған мәдени мұра қазынасы болып табылады», деп жазады «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.

Ұланбатыр қаласында «Бүркітшілер фестивалі» өтуде - Kaznews




Моңғолия-Кувейт қоршаған ортаны қорғау орталығы мемлекеттік хазынадағы кәсіпорынға қарасты аумақта «Бүркітшілер фестивалі-2022» өтуде. Іс-шараға Баян-Өлгей аймағынан 10 бүркітші, Төв аймағынан 1 бүркітші қатысуда, деп хабарлайды Kaznews ақпарат порталы.

Моңғолиялық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, фестивальдің ашылу рәсіміне Моңғолияның Парламент депутаты, Баян-Өлгей аймағының Жерлестер кеңесінің төрағасы Әубәкір Тілеуханұлы, Табиғат, қоршаған орта және туризм министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Е.Баттулга, Парламент депутаты Г.Амартүвшин, Х.Ганхуяг, Ц.Анандбазар, Энергетиканы реттеу комитетінің төрағасы Тілейхан Әлмәлікұлы қатарлы лауазым өкілдері қатысты.

Германия, Түркия, Кувейт, Франция, Ресей, Польша, Корея Республикасы, АҚШ, Жапония, Қазақстан және Үндістанның Моңғолиядағы елшілері мен делегациялары Бүркітшілер мерекесін арнайы тамашалауда.

Айта кетейік, «Бүркітшілер фестивалі» Баян-Өлгей аймағында 1999 жылдан, Ұланбатыр қаласында 2010 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді.

«Баян-Өлгей аймағынан Ш.Жекен (Ногооннуур), Өркен, Б.Кенжебек (Толбо), Б.Далайхан (Алтай), С.Башахан, Ы.Бағлан (Улаанхус), Р.Нургайв (Алтанцөгц), С.Тілеуберді (Дэлүүн), Ж.Хайрым (Өлгий), Р.Жеңісбек (Сагсай), Төв аймағынан Э.Батбилэг қатарлы бүркітшілер қатысып жатыр», деп жазады Kaznews.


Дүниенің жотасындағы ең көне Ұлы Қытай қорғаны - «Халық Газеті»




Қытайдың Цинхай өлкесіндегі Мин патшалығы салған Ұлы Қытай қорғаны Мин әулеті дәуірінің орта мезгілінде салынған. Оның жалпы ұзындығы шамамен 363 шақырым болған құрылыс өлкенің 12 ауданы мен аймағына таралған, деп хабарлайды Қытайдың «Халық Газеті».

Мин дәуіріндегі әскери қорғаныс үшін салынған бұл Ұлы Қытай қорғаны әлемдегі ең көне тарихи құрылыс екен.

«Цинхай өлкесіне тиесілі Мин Ұлы Қытай қорғаны маңызды тарихи, мәдени, ғылыми зерттеу, көрмелік және пайдалану құндылықтарына ие. Мин әулеті кезінде салынған бұл Ұлы Қытай қорғаны әлемдегі теңіз деңгейінен ең биік һәм көне тарихи нысан болып табалады», деп жазады Қытайдың «Халық Газеті» ақпарат порталы.



















Моңғолиялық қандасымыз Тоғызқұмалақ федерациясының президенті болып сайланды - Kaznews




Моңғолия Тоғызқұмалақ федерациясының басшылық құрамына өзгерістер енді. Федерация президенті болып кәсіпкер Нұрбек Жырғауұлы тағайындалды, деп хабарлайды Kaznews ақпарат агенттігі.

Моңғолиялық БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, Баян-Өлгей аймағының Орталық кітапханасында федерация президентін тағайындау рәсіміне орай тоғызқұмалақтан сайыс өтіп, жеңімпаздар марапатталған. Сайыста 80-ге жуық спортшы бақ сынады. Жиында федерациямен Орталық кітапхана арасындағы ынтымақтастық, тоғызқұмалақтан ел чемпионатын өткізу және де тағы басқа мәселелер қаралды.

Айта кетейік, Моңғолияда 2022 жылы 37 спорт түрінен ел біріншілігі өтеді деп белгіленген. Олардың арасында қазақтың ұлттық интеллектуалдық ойыны тоғызқұмалақ бар. 2022 жылы шілде айының 7 күні тоғызқұмалақ ойынынан ел біріншілігі Баян-Өлгей аймағында өтпек.

Естеріңізге салсақ, 2018 жылы Баян-Өлгей аймағында тоғызқұмалақ ойынынан Азия чемпионаты өткен болатын.


Қазақстан мен Еуразиялық одақ арасында тауар айналымы артты - Parstoday





Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақпен тауар айналымы 2020 жылмен салыстырғанда 2021 жылы 28 пайызға артып, 26 миллиард доллардан асты, деп хабарлайды Parstoday ақпарат агенттігі.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақпен сауда көлемінің барлығы дерлік тек Ресейге тиесілі.

«Қазақстан мен Ресейдің тауар айналымы өткен жылы 1,29 пайызға өсіп, 2,24 миллиард долларды құрады. АҚШ пен Еуропаның Ресей мен Беларуське қарсы санкцияларынан кейін биыл Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен тауар ағыны айтарлықтай артуы мүмкін», деп жазды ирандық БАҚ.


Жоғары қарай