Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қаныш Сәтбаев атындағы каналда балық аулауға тыйым салынады

2021 жылдың 11 сәуір 2021 14:23

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – 15 сәуірден бастап Қарағанды облысында Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың бойында балық аулауға тыйым салынады. Уылдырық шашу кезеңіне байланысты, тыйым салу 30 мамырға дейін жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, каналдың барлық су тораптарында (су қоймаларында) балық аулауға болмайды. Шектеу балық аулаудың кез келген түріне және балықтың барлық түріне қолданылады.

Бұл шара балық ресурстарын және басқа да су жануарларын сақтап қалу үшін енгізілуде.

Мамандар әуесқой балықшылардан жыл сайынғы уақытша тыйымға түсіністікпен қарауды сұрайды.

ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабына сәйкес, балық аулау ережелерін бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 10 АЕК (1 АЕК - 2917 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады, оған қоса балықтың аулануына және түріне байланысты залал төлемі өндіріліп алынады. Егер уылдырық шашу кезеңінде балық аулау аса ірі мөлшерде жүргізілсе, қылмыстық жауапкершілік көзделген. Мұндай жағдайларда айыппұл 100 АЕК-тен асады.

Балық аулауға барар алдында «балық аулау ережелерімен» мұқият танысып алған жөн. Бұл жануарлар дүниесін заңды түрде пайдалануды сипаттайтын Қазақстан Республикасы Заңының негізгі заңға тәуелді актілерінің бірі болып табылады.


Жоғары қарай