Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қапшағай көлінде дауыл кезінде жағаға жете алмаған балықшылар құтқарылды

2021 жылдың 22 қаңтар 2021 18:55

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қапшағай көлінде дауыл кезінде жағаға жете алмаған балықшылар құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«22 қаңтар күні Алматы облыстық ТЖД Қапшағай өңірінің Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары патрульдеу кезінде жағалаудан үш шақырым жерде қалған балықшыларды құтқарды. 4 адам мұз ойығынан балық аулап жүрген. 65, 45, 44 және 36 жастағы ер адамдар (Қапшағай және Алматы қалаларынын тұрғындары) қатты желде жағаға жете алмаған»,- делінген Алматы облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, құтқарушылар «Славир-9У» ауа жастықшасы бар арнайы кеме көмегімен азаматтарды жағаға эвакуациялады.





Естеріңізге сала кетейік, 20 қаңтарда Алматы облысы ТЖД SMS хабарлама, «Дәрмен» мобильді қосымша және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы 22-23 қаңтарда Алматы облысының кей жерлерінде қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар), боран, тұман, көктайғақ болатынын ескертті. 22 қаңтарда күндіз және 23 қаңтарда түнде жел солтүстік батыстан оңтүстік батысқа ауысып, 15-20 м/с, кей жерлерде екпіні 23-28 м/с жетеді, тіпті 30 м/с асып кететіндіктен дауылды ескертуі жарияланды.

Алматы облысының ТЖД азаматтарды ауа райының өзгеруін бақылап, дауыл кезінде алыс жолға және мұз үстіне шықпауға шақырады.


Жоғары қарай