Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Қарағанды - Балқаш» тасжолы қашан пайдалануға беріледі

2020 жылдың 1 қазан 2020 15:02

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінде «Қарағанды - Балқаш» тасжолында 360 шақырым жол қайта жөнделіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дәл қазір «Қарағанды - Балқаш» тасжолында тұрмыз, мұнда ұзындығы 360 шақырым жол қайта жөнделіп жатыр. Бұл тасжол бұрын 2 жолақты болса, енді 4 жолақты болып кеңейтілуде. Бұл жолдың басы Нұр-Сұлтан қаласынан басталып, жол жөнекей Теміртау, Қарағанды, Балқашқа дейін, одан әрі Алматыға жалғасады. Жоспар бойынша жөндеу жұмыстарын келесі жылы аяқтап, 2022 жылы толықтай пайдалануға береміз», - деді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ұлан Әліп БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры барысында.





Оның айтуынша, аталған бағыттағы жолды жөндеу жұмыстарына 2 мердігер компания, 1 мыңға жуық техника және 5 мыңдай маман тартылды.

«Бұл жобаның тиімділігіне келсек, алдымен жолаушылар өз уақытын үнемдейді, сондай-ақ, Қарағанды облысының көлік-логистикалық әлеуетін арттырады. Одан бөлек, көлікпен тасымалданатын жүк айналымының ұлғаюымен қатар халықаралық тасымалдың артуына әкеледі. Атап айтсақ, «Нұр-Сұлтан – Қарағанды – Балқаш» тасжолын қайта жаңғырту Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай және Ресей Федерациясына шығу мүмкіндігін қамтамасыз етеді», - деді ол.





Ұлттық компания басшысының сөзіне сенсек, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында биылға дейін ел көлемінде 13 мың шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Президент тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін 24 мың шақырым жол қайта жөнделетін болады.


Жоғары қарай