Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағанды кеншілер мәдениет сарайының жөндеу жұмыстары аяқталды

2021 жылдың 15 қыркүйек 2021 22:17

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды кеншілер мәдениет сарайында жөндеу жұмыстары аяқталды. Үйірмелерге арналған үй-жайлар, сахна және оның жабдықтары, көрермендер залы толығымен жаңартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәдениет үйінің директоры Жарулла Ақышевтің айтуынша, бүгінде сарай өз көрермендерін қабылдауға дайын.

«Сахна қайта жабдықталып, жөнделді. Мұнда біз ескі, апаттық жағдайда болған штангалық жабдықты ауыстырдық. Оны Беларуссиядан әкелді. Қазақстанда мұндай жабдық алғаш рет бізде орнатылды. Сахнада еден ауыстырылып, жаңа линолеум, сондай-ақ арнайы жабын төселді. Бүгінгі күні сахна жұмысқа дайын», – деді Жарулла Ақышев.

750 адамға арналған көрермендер залында қабырғалар мен төбелер жаңартылып, жаңа кілем төселді, креслолар химиялық тазартудан өтті.




Үйірмелерге, гардеробқа және дәретханаларға арналған бөлмелерде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустар орнатылып, санитарлық торап жабдықталған.

Сондай-ақ, сарайда су және жылу құбырлары ішінара ауыстырылды. Шатырға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ғимаратты желдетудің жаңа жүйесін монтаждау және іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілді.

«Бізде 26 үйірме жұмыс істейді, онда 700-ге жуық адам айналысады. Олардың қатарында балалар да, ересектер де бар. Қазір қадағалау органдарының шешімін күтіп отырмыз. Барлық жөндеу жұмыстары қабылданған кезде, біз ұжымдарымыздың қатысуымен мәдениет үйінің салтанатты ашылуын өткіземіз», – дейді Жарулла Ақышев.

Бүгінгі күні Кеншілер мәдениет сарайының қасбеттік бөлігін жөндеу мәселесі қалып отыр. Ғимараттағы мүсіндердің жағдайы мәз емес – олар да жаңартуды қажет етеді.





Жоғары қарай