Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Қарағанды облысында 76 мыңнан астам адамға азық-түлік себеті беріледі

2020 жылдың 25 сәуір 2020 15:09

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандылықтарды билік өкілдері азық-түлік себетіне қатысты дүрлікпеуге шақыруда. Бұл мемлекеттік көмек барлық тиесілі азаматтарға беріледі. Бұл туралы брифинг барысында облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов мәлім етті, деп хабарлайды өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі.

Аталмыш мемлекеттік көмекті алу үшін ешқайда барудың қажеті жоқ - тізімдер проактивті форматта жасалған. Азық-түлік — тұрмыстық себеттің орнына алушылардың жеке шоттарына ақша аударылады.

«Наурыз айында азық-түлік - тұрмыстық жиынтықтарға 35,1 млн. теңгеге 6 316 балаға (6 жастан 18 жасқа дейін) ақшалай төлем жасалды. ТЖ режимі кезеңінде алушылар санаты кеңейді. Сәуір айында 427 млн теңгеге 76 мыңнан астам адам азық-түлік - тұрмыстық жиынтықтармен қамтамасыз етіледі. Оның 18,5 мыңнан астамы көмек алып үлгерді. Қалған ақша жақын арада жеке шоттарға аударылады. Дүрлікпеңіздер. Барлық көмек алушылар тізімі бізге белгілі. Мәселе техникалық жағдайға байланысты болып отыр», - деді Абзал Нүкенов.

Әкім орынбасары атаулы әлеуметтік көмекті екінші тоқсанға да автоматты түрде ұзартатынын еске салды. Мемлекет тарапынан көмек алушыларға ешқандай құжаттар тапсырудың қажеті жоқ.

2020 жылы Қарағанды облысында АӘК төлеуге 3,7 млрд теңге қарастырылған. Наурыз айында оны 3 677 отбасы алды. Бұл шамамен 18 мың адам.

Бұдан басқа, бір жастан 6 жасқа дейінгі балалары бар АӘК алушыларға да кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі. Бүгінгі таңда аталмыш көмек түрін 2 330 отбасы алды.

Абзал Нүкенов мұқтаждарға көмек көрсеткені үшін меценаттар мен еріктілерге алғысын білдірді.

- Осы бір қиын уақытта адамдар ұйымдасып жатыр. Жақсы істердің мысалдары көп. Отандастарымыздың арасында жанашыр жандар көп екені көңілге қуаныш ұялатады, - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Birgemiz қорынан мұқтаждарға 50 мың теңгеден төленеді. Материалдық көмек алу үшін Nur Otan партия филиалдарына хабарласу керек.

ТЖ кезеңінде азық-түлік - тұрмыстық жиынтығы кімге тиесілі (ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығына сәйкес 2 АЕК кем емес ақшалай төлем түрінде):

- АӘК алушылар отбасыларындағы 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар;

- барлық жастағы I, II және III топтағы мүгедектер,

- мүгедек балалар,

- мүгедек баланы күтумен айналысатын ата-аналар;

- ресми тіркелген жұмыссыздар.


Жоғары қарай