Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағанды облысында екі қызды зорлаған педофил 26 жылға сотталды

2020 жылдың 18 қараша 2020 13:08

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының сотында екі жас қызға зорлық-зомбылық жасау фактісіне қатысты іс қаралды. Сотталушыға 18 эпизод бойынша ҚР ҚК-нің үш бабымен айып тағылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сотталушы – Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданының тұрғыны. Бұған дейін ол қарақшылық шабуыл жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Жақында бас бостандығынан айыру орындарынан мерзімінен бұрын босап шыққан. Алайда, қысқа уақыт аралығында ол екі жас қызды зорлап үлгерген. Зорланған қыз балалар да Бұқар Жырау ауданының тұрғындары.

Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үйлестіруші-судьясы Бекзат Шалғымбаевтың айтуынша, сотталушыға ҚР Қылмыстық кодексінің бірден үш бабы бойынша айып тағылған: 120-бап «Зорлау», 121-бап «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер» және 124-бап «Жас балаларды азғыру».

Жиналған іс материалдары мен дәлелдемелер базасын зерделегеннен кейін судья Қайрат Қасымов сотталушыны барлық үш бап бойынша кінәлі деп танып, 26 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде үкім шығарды. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі төтенше мекемесінде өтейтін болады.

«Сот оған бұрынғы жазаның өтелмеген бөлігін қосып, жиынтық жаза тағайындады. Химиялық кастрация түріндегі медициналық араласу шаралары тағайындалған жоқ. Себебі, ол тек сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша тағайындалады. Сотталған адам оны қажет етпейді деп шешілді», - деді Бекзат Шалғымбаев.

Айта кету керек, зорлаушының әрекеті оны танитын екі әйелге де белгілі болған. Алайда олар тәртіп сақшыларына қылмыс туралы хабарламаған. Сондықтан олар ҚР ҚК-нің 434-бабы «Жасалған аса ауыр қылмыс туралы хабарламау» бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Судья осы екі әйелге қатысты 2 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды.


Жоғары қарай