Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағанды облысында көшпелі мәдениет фестивалі басталды

2021 жылдың 15 маусым 2021 20:45

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» фестивалі басталды. Ол алғаш рет өткізіліп, жаздың соңына дейін жалғасады. Фестиваль бүкіл өңірді аралайды. Шараның мақсаты – шығармашылық, музыка, қолөнер, ойын және спорт арқылы өз халқы мен өлкесінің мәдениетін көрсету, деп хабарлайды ҚащАқпарат тілшісі.

Облыстың әрбір ауданы мен қаласында қазақтың ұлттық қолөнер көрмесі (әбзел, текеметтер, ағаштан, сүйектен, металдан жасалған бұйымдар, зергерлік әшекейлер) ұсынылады.

Сондай-ақ, ұлттық киім дайындау және дефиле көрсетілімдері өтеді. Этноауылдар безендіріледі.

Фестивальде ақындар, күйшілер, термешілер, жыршылар, фольклорлық ансамбльдер, айтыскерлер, домбырамен ән салатын әншілер өнер көрсетеді.

Сонымен бірге тоғызқұмалақ, асық ату, қазақша күрес және басқа да танымал ұлттық ойындар көрсетіледі.




«Фестиваль облыстың барлық 18 өңірінде – тоғыз аудан мен тоғыз қалада өтеді. Бүгін бірінші күн. Фестиваль тамыз айының соңында аяқталады. Қазылар алқасы мен Saryarqa телеарнасының түсірілім тобы Ақтоғайға келді, содан кейін олар Шет ауданына барады. Saryarqa телеарнасы Фестивальдің күнделігін эфирге шығарып отырады. Әр өңірде іс-шараға қатысушылар өз бағдарламаларын ұсынып, өнер көрсетеді. Желтоқсан айында Қарағандыда гала-концерт өтеді, онда фестивальдің үздік шеберлері мен орындаушылары өз өнерлерін көрсетеді», – деді ОМСХШ ҒӘО мәдени-бос уақыт жұмысы бөлімінің басшысы Алтынай Нұрманбаева.

Фестиваль ұйымдастырушылары – облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістеме орталығы және мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы.




















Жоғары қарай